СҚО Әкімі Ванкувердегі Паралимпиялық ойындарға қатысушы Олег Сысолятинмен кездесті
48 елден келген спортшылар 12 күн бойы спорттың 5 түрінен сайысқа түсті. Олег Сысолятин Қазақстаннан барған жалғыз өкіл болды. Ванкуверде ол 10 шақырымға классикалық үлгідегі және 1600 метрге қысқа қашықтықтағы шаңғымен жарысқа қатысты.
Бұл О. Сысолятинның екінші Паралимпиялық ойындарға қатысуы. Ол -2006 жылғы Туриндегі Паралимпиялық ойындарға, 2004 жылғы Франциядағы халықарлық марафонға қатысушы, мүгедектер спорты бойынша (шаңғы тебуден) Қазақстан Республикасының чемпионы, Ресейдің Сыктывкар қаласында өткен ашық шаңғы сайысының жеңімпазы, көптеген халықаралық жеңіл атлетикалық марафондар мен жартылай марафондарға қатысушы.
Кездесу барысында аймақ басшысы Солтүстік Қазақстан облысында түрлі деңгейдегі жарыстарда спортшылардың табысты өнер көрсетуіне барлық мүмкіндіктер жасалып отырғанын атап өтті. Материалдық қорды нығайтуға үлкен көңіл бөлінеді. Жетекші спортшыларға ай сайынғы төлемақы қарастырылған.
Аймақ басшысы республикалық және халықаралық бәсекелердегі белсенділігі үшін Олег Сысолятинге облыс әкімінің алғысхатын және шаңғышы киімін тапсырды.
Осы кездесу барысында республикалық деңгейлердегі жоғары спорттық көрсеткіштері үшін солтүстікқазақстандық спортшылар Владимир Эрман (тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған спортшылар арасындағы жүзумен айналысушы) және Қайрат Қанафин (тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған спортшылар арасындағы шаңғышы) Қазақстан Республикасының спорт шебері куәліктерімен және кеудебелгілерімен марапатталды.