СҚО-да егіс алқаптарының жартысына дән себілді (ФОТО)

Алдымен аймақ басшысы «Покровка-Мектеп» тас жолын жөндеуге дайындықты бақылады. Мұнда ресайклинг технологиясын пайдалану жоспарланған. Қазір тиісті материалдар жеткізіліп жатыр.
Мұндағы жұмысқа 15 бірлік техника мен 20 адам тартылады деп көзделген. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 120 млн. теңге бөлінген. Биыл аталған жолдың 4 шақырымы қалыпқа келтірілмек.
Әкім құрылыс компаниясына жөндеу жұмыстарын шілде айында аяқтауды тапсырды.
Ерік Сұлтанов егін науқанын да байқап көрді.
«Ильинское» ЖШС егіс алқабының 43 пайызына дән екті. Барлығы 17 мың гектар жерді игеру көзделген.
«Күніне біз 1000-1200 гектар жерге дән себеміз. Осы қарқынды сақтасақ, жұмысымызды мамырдың 29-ы мен 30-ы аралығында аяқтаймыз», - деді «Ильинское» ЖШС директоры Александр Бурлев.
«Азия-Торанғұл» агроқұрылымдары 16 мамырда егін егуге кірісті. 11 мың гектар жер игеріледі. Алқапта 8 бірлік техника жұмыс істеуде.
Жердің 43 пайызы өңделді. Аймақ басшысымен кездесуге мұнда Корнеевка селолық округінің аграрийлері жиналды. Бұл жерде олар өңір басшысына өздерін мазалаған сұрақтарын жолдап, оған жауабын ала алды. Облыс әкімі жергілікті кәсіпкерлерге мал басын көбейту керектігін де айтты.
«Бұл - өте маңызды әлеуметтік мәселе. Көптеген адамдар үйлерінде отырып, шаруамен айналысуда. Олардың еңбектері жемісті болуы керек. Жергілікті халық мал басын көбейтулері қажет. Жұрт сиырларын сауып, сүтін сатып, қолма-қол ақша қылсын. Сүт өндірісімен айналысудың өте тиімді екенін білесіздер», - деді Ерік Сұлтанов.
"Стрелец" ЖК био-тыңайтқыштар өндірісімен айналысады. Мұнда биогумусты пайдаланып, қандай көкөністерді өсіруге болатынын көрсетті.
Әкім есік пен терезе шығаратын кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Өндіріс ошағы 4 жыл бойы тоқтап тұр. Кәсіпорын басшысы Қуаныш Жақыповтың сөзіне қарағанда, жақын арада өндіріс іске қосылады. Әзірге мұнда 5-7 адам жұмыс істемек.