18:17, 24 Қараша 2014 | GMT +5
СҚО-да үйіндегі пешті жөндеп жатқан ер адам өртеніп кетті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында өз үйінде пешін жөндеп жатқан ер адам өртеніп кетті. Бұл туралы СҚО ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.

«Ғ.Мүсірепов ауданында Рузаевка ауылында өрт шығып, 39 жастағы ер адам қаза тапты. Үй отқа орнаған кезде ол үйінде жалғыз болған. Үй иесі от жағатын орында сұйық отынмен жұмыс істейтін пештің қазандығын жөндеп жатқан. Жалын ошағы сол жерден шығып, ауыз үй мен ас бөлменің ағаш конструкцияларына тараған. Ер адамның денесін №16 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тілсіз жауды ауыздықтау кезінде тапты. Өрттің шығу себептері анықталуда», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 719 өрт оқиғасы орын алып, одан келген материалдық шығын 113 млн. теңгеден асқан. 48 адам өрт құрбаны болса, олардың 6-уы - балалар. 36 адамды түрлі дәрежедегі күйіктер шалған.
Облыста апта ішінде 13 өрт оқиғасы болды.