16:12, 22 Сәуір 2014 | GMT +5
СҚО: Есіл өзенінде су басу қаупі 10-15 күн бойы сақталуы мүмкін
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл маңындағы Есіл өзенінде су басу қаупі 10-15 күн бойы сақталуы мүмкін, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Бүгінде СҚО Сергеев су қоймасындағы су өткізгіш құрылымынан су деңгейінің асуы екінші рет тіркеліп отыр. Бұл жолы 186 сантиметрге.
«Новоникольск ауылы маңындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірді су басу жалғасуда. Су 210 см-ден асып кеткен. Алайда елді-мекенді су басу қаупі жоқ» делінген таратылған хабарламада.
Облыстық ТЖД ақпаратынша, республикалық маңыздағы Челябі-Новосібір тас жолының жағдайы бұрынғыдай. Су басу қаупі салдарынан трасса жабылды. Су көтерілуінің деңгейі ені -100 метрді, ал тереңдігі 50 см құрады.
Айта кетерлігі, қазір Петропавл маңындағы саяжайларды су басуда. Құтқарушылар мен жауапты ведомстволар тәулік бойы бақылау жүргізуде. Саяжай иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Тұрғын үйлерді су басу фактісі тіркелмеді.