СҚО өкілдері суармалы жерді қайта қалпына келтірмек

Жұмыстың қалай жүргізілетіні жайында аппараттық мәжілісте жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелді Қарбаев баяндады.
«27 944 гектар алаңда суармалы жерді айналымға енгізу былай жүзеге асырылмақ: 2017 жылы су шаруашылығы жүйелерін, гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіруге жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді, ал 2018-2020 жылдары жобаларды іске асыру жоспарланған», - деді Есенгелді Қарбаев.
Ерік Сұлтанов аудандар әкімдеріне жерді айқындап, ЖСҚ әзірлеуді тапсырды. Қазіргі уақытта 2717 суармалы жер су тартылуда.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе - жастар саясаты саласындағы жұмыс. Өңірде таяуда құрылған жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ирина Тухватулина жастарды жұмыспен қамту, орналастыру мәселесі туралы хабардар етті.
«Жыл басынан бастап «Жастар бастамалар орталығына» жұмысқа тұру мәселесімен 306 адам жүгінген, 165-і жұмысқа орналасты. Жыл басынан бастап аудан орталықтарында 169 өтініш келіп түссе, 100 адам жұмысқа тұрды», - деді Ирина Тухватулина.
2016 жылдан бастап «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылар 29 жасқа дейін 2 146 адамды құрады. Селекторлық байланыс режимінде аудан әкімдері бюджеттің орындалуы мен «ЖҚЖК-2020» игеру туралы есеп берді.
Сосын қатысушылар 2016 жылғы 9 айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын қарады.
«9 ай қорытындысы бойынша облыс республиканың 16 өңірі арасында тұтынушылық баға индексі бойынша 2 орынды, құрылыс көлемдерінің арту қарқыны бойынша - 4-ші орынды қамтамасыз етті», - деді статистика департаментінің басшысы М. Нұржауыпов.
Қаңтар-қыркүйекте құрылыс жұмыстарының көлемі - 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру - 6 пайызға артты, ұн шығару 36,9 пайызға, ұзақ сақталатын кондитерлік өнімдер - 20 пайызға, сүт өнімдері 7,2 пайызға, мал жем-шөбі - 3,7 пайызға өсті.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов оң серпінді қолдауды, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қарқынын күшейтуді тапсырды.