Словак Республикасының Президенті Қазақстанға деген ізгі ниеттестігін білдірді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Словак елдері ынтымақтастық байланыста ортақ пікірді ұстанатынын мәлім етті. «Екі елдің экономикалық қарым-қатынасы жақсы қарқын алып келеді. Сауда айналымы орталық-шығыс Еуропадағы елдермен салыстырғанда жоғарғы көрсеткішке ие. Қазір Қазақстанда 17 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Саяси, мәдени байланыстар арта түсуде. Бұл екі Мемлекет басшыларының қол жеткізген келісімдерінің нәтижесі»,- деді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Мәртебелі мейман Қазақстан тек Словак елінің ғана емес, Еуропалық Одаққа енетін мемлекеттердің сенімді әріптесі болып отырғанын мәлімдеді. Словак Республикасының Президенті Иван Гашпарович мырза Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін, Астананы аралап көріп, бой көтерген жаңа заманның ғимараттарын көріп, таңданыс білдіргенін жасырмады. Қазақстанға деген ізгі ниеттестігін білдірді.
Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманға еліміздің атына айтқан жылы лебізі үшін ризашылығын айтып, екі мемлекет басшыларының достық байланысының арқасында ынтымақтастық қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
Словак Республикасының Президенті Иван Гашпарович мырза Мәжілістің құрметті қонақтар кітабына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Осы кездесуге Мәжіліс депутаттары Әмзебек Жолшыбеков, Владимир Бобров және Алтай Тілеубердин қатысты.