Соғысты Праганың маңында аяқтадым, көптеген майдандастарымыздан айырылдық - Ақтаулық ардагер Николай Алпатов

АҚТАУ. 8 мамыр. қазАқпарат - Жеңіс күні шеруін ардагер Николай Иванович Алпатов асыға күтуде. Соғыс басталғанда ол Ташкентте болатын. Майдан жолдарымен 5 мемлекеттің шекарасын басып өтті.
None
None

1941 жылғы 22 маусымда Николай мектеп бітіруге әзірленіп жатқан болатын. Онда үйде радио жоқ, соғыстың басталғанын түске қарай естіді. Кешегі оқушылар әскери комиссариатқа келіп құжаттарын тапсырды, хабар күтіңдер, деді оларға. 1942 жылы ғана оларды шақырып, пулемет-миномет училищесіне жолдады. 43-жылы оқуды аяқтаған бойда, шұғыл түрде Солтүстік Кавказ майданына аттандырды. Николай Алпатов 10-шы гвардиялық корпустың бригадасына тап болды. Ал 3 айдан кейін жарақаттанды. Госпитальдан кейін 92-ші гвардиялық артиллерия полкінде Украинаны, одан кейін Румынияны, Болгарияны, Венгрияны және Чехославакияны азат етуге қатысты.

«Соғыста есте қалғаны - көптеген майдандас жолдастарымыздан айырылдық. Әрбір шабуыл взвод сарбаздарының жартысының өмірін қиып отырды. Тіпті аты-жөндерін де жазып алып қала алмадық», - деп өкінішпен еске алады Николай Иванович.

«Әлі есімде, бірде шабуыл кезінде мен неміс траншеясына жетіп, секіріп түстім. Менің соңымда старшина болды. Мен солға қарай бұрылдым, сол кезде автоматтан оқ жауды. Бұрылып қарасам, старшина бір фашисті жер жастандырыпты, ол мені атуды көздеген екен. Сөйтіп, мені құтқарып қалды. Мен жеркепеге барып кірсем, онда бір неміс өліп жатыр. Офицер. Ал таңертең старшинаға рахмет айтпақшы болғанмын, бірақ үлгіре алмадым, ол қазаға ұшырады», - деп әңгімеледі ардагер.

Соғыс кезінде сарбаз Кеңес одағы мен Еуропаның өзендерін тоғыз рет кешіп өтті. Ол бірінші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл жұлдыз ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.

Соғыстан кейн Ташкентке оралып, теміржол көлігі институтын бітірді. Иркутскіде Шығыс Сібір темір жолында, Свердлов және Оңтүстік-Батыс теміржолдарында еңбек етті. 1960 жылы оны Шевченкоға, қазіргі Ақтау қаласына ауыстырды. Ол кезде Ақтау қаласы кәсіпорындары Орта машина жасау министрлігіне қарайтын.

Ардагердің екі қызы, үш немересі және үш шөбересі бар. Жақында шөпшектері - ұл мен қыз дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар