«Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігіндегі техникалар жұмыс қарқынын арттырады»
Еуразиялық Топтың құрамына кіретін «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қоғамы соңғы жылдары бірнеше рет шетелдік алып техникалар алды. Осыдан 5 жыл бұрын жапондық HITAСHI экскаваторлары мен кен таситын ауыр жүкті көліктердің алғашқы легі Качар кенішіне алынған болатын. Бұл алып техникалар карьерлердегі жұмыс өнімділігін бірнеше есе арттырды. Әсіресе, HITAСHI алып экскаваторының дүние жүзінде 6-7 данасы ғана бар екен. Соның бесіншісі осы Качар кенішінде кен қазып жатыр. Алып экскаватор шөмішін жерге бір салғанда 27 текше метр жынысты топырақты бір-ақ алады. Ал ауыр жүкті машиналар бір сапарында 180 тонна кен жынысын тасиды, тіпті, жүргізушілердің айтуынша оларға 240 тоннаға дейін кенді топырақ артыла береді. Одан кейін де жапондық және басқа да шетелдік озық техникалар инвестициялық бағдарлама бойынша алынып отырды.
Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі техника паркі жыл сайын жаңартылады. Қазір кәсіпорынға барлығы 25 жапондық HITAСHI ауыр жүкті машиналары алынды. Оның ішінде он бес машина Качар кенішіне жіберіледі. Ал он машинаны №1 автокөлік цехы қабылдап алып жатыр, олар Соколов және Сарыбай кеніштеріне жіберілетін болады.
- Бұл 63 тонналық ауыр жүкті HITAСHI машиналары Жапонияда емес, Канадада шығарылған. Олардың екеуін кен алыбындағы арнайы алаңда құрастырып, сынақ полигонына жібердік. Құрастыру сапасына кепіл береміз. Заманауи техника кеншілер көңілінен шығады деп ойлаймыз, - дейді техниканы құрастыру міндетін алған «TURKUAZ MACHINERY» компаниясының өкілі Петр Колмаков.
Он сегіз мыңнан аса жұмысшы істейтін алып кәсіпорынға әр келген жаңа техника бүкіл ұжымның қуанышына айналады. Өйткені техникасыз және электр энергиясынсыз алып өндіріс те қайырлаған кемедей жұмысын тоқтатады. Жұмыстың тоқтаусыз жүргені адамдарға алып жүректің соғып тұрғанындай әсер береді. Өндірістің әр учаскесінде нәпақасын осы жерден тауып отырған қаншама адам оны жанымен сезінгендей. Кеншілер қаласының тынысы да осы өндірістен қуат алады. Мысалы, Андрей Владимирович басқаратын автокөлік цехында 139 машина бар, оның сыртында қаншама адам жөндеу жұмыстарымен айналысады.
- Біздің цех осыдан 4 жыл бұрын осындай заманауи техникалар алған болатын. Төрт жылдық үзілістен кейін алып отырған машиналарға бәріміз де қуанып отырмыз. Осы жолы он машина аламыз, - дейді №1 автокөлік цехының бастығы Андрей Анкудинов. «TURKUAZ MACHINERY» компаниясының өкілдері құрастырған екі ауыр жүкті HITAСHI машиналары техника қауіпсіздігі полигонына жеткізіліп, осында сынақтан өткізіледі. Онда осы бір машинада жұмыс істейтін Александр Васючковты, Захар Гайтурин, Дінмұхаммед Байқұловты ертіп цех бастығы Андрей Владимировичтің өзі келді. Бұлар жүргізушілер командасы болып есептеледі екен. Жай жүргізушіліктен бастап, кен орнына келген соң БелАЗ, Comatsu, Catarpillar ауыр жүкті машиналарымен жұмыс істеген олардың әрқайсысы мына келген HITAСHI машинасының әр тетігін жатқа біліп тұр. Үш жүргізушінің арасында Дінмұхаммедтің ғана еңбек өтілі он жылдан асыпты. Ал Александр мен Захардың жүргізушілік өтілдері 40 жылға таяған.
- Шетелдік озық техникалар жыл сайын жетілдіріліп отырады. Мына машинаның қуаттылығы аса зор емес, орташа 63 тонна. Мен мұнан бұрын 75 тонналық CAT көлігінде жұмыс істегенмін. Біздің кеніштерде бір апарғанда 195 тонна топырақ таситын машиналар бар. Олардың барлығы да өте қолайлы, ішінде қыста пеші, жазда желдеткіші бар. Шаң кірмейді. Бірақ мына техниканың артықшылығы - ақауы бірден экранға шығады, - дейді жүргізуші Александр Васючков.
Машина техникалық қауіпсіздік полигонында сынақтан асықпай өткізіледі. Жүргізушілер мен цех бастығы машинаны кезек-кезек айдап көрді. Машина кабинасындағы экраннан алдындағы, артындағы, жанындағы жолдың барлығы көрінеді.
- Жолды онсыз да әйнектен көріп отырған жоқсыз ба, мына экран жүргізушінің назарын бұрмай ма? - дейміз біз техника сынағына қатысқанда.
- Олай емес, машинаның ені өте жалпақ. Мен оң жағымдағы, машинаның артындағы жолды түгел көрмеймін. Ал экраннан оның барлығын көріп отырмын. Ал карьердегі жолдар полигондағыдай жазық емес, тереңдеген сайын қусырылып, жіңішкере береді. Онда ауыр жүкпен келе жатқан машинаға мүлт кетуге болмайды, - деп түсіндірді Андрей Владимирович.
Жүргізушілердің полигонда сыналған жаңа техникаға қуанышын біз де түсінгендейміз. Шетелден әкелінген бұл озық техникалар карьерлерде үш жыл бойы тәулігіне тоқтамай жұмыс істейді. Тек жүргізушілер түскі асын ішіп және ауысымын қабылдап алғанда ғана бір сағаттан тыныстайды екен. Осылай тынымсыз жұмыс істеген кейбір техникаларға үш жылда қол тимейді, яғни ақаусыз жұмыс істейді. Өткен жылы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің карьерлерінен барлығы 115 миллион тонна кен жынысы сыртқа шығарылған. Ал биыл жыл басынан бері кеніштер 38 миллион тонна топырақтан босатылды. Кен жынысы сыртқа шығарылған сайын таза кенді алуға мүмкіндік мол туады. Оның барлығын кеніштің сыртынан қарағанда құмырсқадай тынымсыз қыбырлап жүрген осы машиналар тасиды.
Сондай-ақ, басылымда «Энергияны үнемдеу ілгерілеп келеді» атты мақала жарық көрген.
«Кеше Тәуелсіздік сарайында Astana Mining & Metallurgy» VII халықаралық тау-кен және металлургиялық конгресі жұмысын жалғастырды. Оған еліміздің және алыс-жақын бірқатар елдердің мамандары мен сарапшылары қатысты» деп жазылған мақалада.
Шара аясында өткен «Қазақстанның тау-кен секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін KAZRC стандартын енгізу» жөнінде болған дөңгелек үстелге еліміздің Үкіметі атынан қатысып сөз сөйлеген Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау Қазақстанның осы бағытта қол жеткізіп отырған жетістіктері жөнінде әңгімеледі. «Металл өндіруші және өңдеуші саланың менеджерлері энергияны тиімді пайдалану мен барынша үнемдеуге қатысты осындай шара ұйымдастырып отырғанын, әрине, Қазақстан Үкіметі қолдайды. Себебі, саладағы өнім өндіретін кәсіпорындардың бәрінің шығарған тауары және оның бәсекеге қабілетті бола алатыны энергияны қалай пайдалануына қатысты. Сондықтан, қай салада да энергияны тиімді басқару біз үшін өте маңызды», деді министрдің орынбасары.
Қуат көзін орынды жұмсау ісі елімізде енді ғана қолға алынып жатқанын айтқан вице-министр, бірқатар мәселеге назар аудартты. «Өткен ғасырдың 60-жылдары бір тонна металл өндіруге кететін энергияның құны сол өнімнен де қымбатқа түсіп жататын кездері болатын. Бұл үрдіс кешегі 2010 жылға дейін жалғасып келді. Түрлі себептер мен кедергілердің салдарынан осы кезге дейін қуат көзін үнемді пайдалану шарасына кіріспей келген едік. Сөйтсек, пайданы екі бағыттан да, яғни энергияны тиімді пайдалану арқылы да табуға болады екен. Сондықтан германиялық әріптестерімізбен бірге арнайы бағдарлама дайындап, оны жүзеге асыра бастағанымызға да бірталай жыл болды», деді ол.
Қазақстанның энергияны үнемді пайдалануға 2010 жылдан бастап кіріскеніне назар аудартты. «Елімізде индустрияландыру бағдарламасы басталған соң, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қуат көздерін тиімді пайдалануды тапсырды. Тапсырып қана қойған жоқ, үнемі жеткен жетістіктердің көрсеткішін белгілеп отыруды жүктеді. Айтайын дегенім, одан бергі атқарылған жұмыстар аз емес. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында бой көтерген кәсіпорындардың барлығында энергияны үнемдеу шарасы басты назарда болды. Оған қоса еліміздің экономикалық құрылымдарында тиімді өзгерістер болды. Сондай-ақ, қуат көзін үнемді пайдалануға қатысты қабылданған заң да өз жемісін беріп жатыр», деді А.Рау.
Германия энергетика агенттігінің өкілі Наргис Вик Қазақстан Үкіметімен әріптестікте жұмыс істеп жатқандарын айтып, ақылды энергетика жүйесін қалай құру керектігі жөнінде әңгімеледі. «Маған қуат көздерін үнемді пайдалану мен оның балама жолдарын қарастыру жұмысын Қазақстан Үкіметімен бірге істеген ұнайды. Ал қазір Германияның энергетиканы ақылды жолмен үнемдеу шараларына қатысты әңгімелеп өтейін. Біздің елдің қолға алып, жүзеге асырып отырған жобасы салада революциялық шара екені мәлім. Біздің ел алғаш рет атомдық отын өндіретін стансалардан мүлде бас тартып, шешім қабылдағанда көптеген мемлекеттер таңдана қарағаны рас. Бірақ, жұмыс нәтижесі көрсетіп тұрғандай, электр қуатын өндірудің балама жолдарын қарастырып, елді табиғи қуат көзімен толық болмаса да 80 пайызға дейін электр энергиясымен қамтамасыз етуге болады екен», деді Н.Вик.
Бұл мақсатқа Германия 2050 жылдары қол жеткізуге ұмтылып отырғанын айтқан спикер, атом энергиясынан бас тарту әлемнің әр тұрғынына пайдалы әрі жағымды болатынын жеткізді. «Бүгінгі күнде энергияны үнемді пайдалану бойынша 2008 жылға қарағанда, тұтас елдің қуат көзін 9 пайызға дейін үнемдегені анық болып отыр. Енді алдағы 20 жылда бұл көрсеткіш тағы 20 пайызға дейін артады деген үмітіміз бар. Ол үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып, нақты есептеулер жасалды. Мұны толық сеніммен айтып отыруымның себебі, біздің агенттік осы жұмыстарды жүзеге асырушылардың негізгі ортасы болып саналады. Сондықтан, бұған ешқандай күмәндарыңыз болмасын. Егер әлем елдерінің бәрі Қазақстан мен Германия сияқты осындай нақты бағдарламаларды жүзеге асырса, Жер шарының әр тұрғынына пайдалы болар еді», деді ол.
«Энергияны үнемдеу және электрэнергияны дамыту институты» АҚ-тың жетекшісі Айдар Махамбет, Еуропа елдерінің осы салада қол жеткізген жетістіктері мен тәжірибелері жөнінде әңгімеледі. «Еуропа елдерінің бірқатары бұл бағытта жемісті жұмыс істеп жатқаны белгілі. Ал солардың ішінде Германияның тәжірибесі барлық елдерге үлгі екені анық. Сондықтан да, аталған елдің мамандарымен бірлесіп, балама қуат көздерін өндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл ісіміздің жемісін көре де бастадық деуге болады. Әсіресе, тез жүзеге асатын және нәтижесі қысқа уақытта белгілі болатын қалаларды жарықтандыру шаралары кеңінен қолға алынған. Ал өндіріс ошақтарында қуат көзін тиімді пайдалану шаралары да қарқынды жүргізіліп жатыр», деді А.Махамбет.
Спикер көрші Ресей елінің де осы бағыттағы ұмтылысы көпке үлгі екенін айтып өтті. «Ресей мемлекеті алдағы 20 жылдың ішінде ірі өндіріс орындарында және өзге де тұтыну салаларында энергияны үнемдеуді 40 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізуді көздеп отыр. Мемлекеттік бағдарламаларына зер сала қарасақ, көрсеткіштері жақсы боларына сенім бар. Енді алыс-жақын елдердің осы салада қол жеткізген табыстары мен көрсеткіштерін нақты зерделей отырып, өз тәжірибемізге енгізе білгеніміз жөн. Расын айтқанда, қоршаған ортаны ластамай, өндіріс орындары мен жалпы халықты балама қуат көздерімен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты мақсаты болып отыр. Сондықтан Германияның 2030 жылға дейін энергияны үнемдеуді 2 есеге дейін жеткізу бағдарламасынан бәріміздің үйренетін тұстарымыз бар», деді ол.
Металды өндіру мен қайта өңдеу саласында қуат көзін барынша үнемді пайдалануға үндеген конгресс қатысушылары, осы шараны насихаттап жүрген БАҚ өкілдері мен өндіріс ошақтарында ерекше еңбегімен көрінген қызметкерлерге өз сый-құрметін де жасады. Атап айтқанда, конгрестің алғашқы жұмыс күні ұлттық салалық «Алтын Гефест» 2016 сыйлығының жеңімпаздарын марапаттап, гала-қабылдау өткізді. Онда «Жыл геологы», «2016 жылдың кеншісі», «Жыл жобасы», «Инновациялар бойынша жыл көшбасшысы», «Қазақстандық құрамы бойынша жыл көшбасшысы», «Энергияны үнемдеу саласындағы үздік», «Жылдың ғалым-педагогы», «Жылдың дипломдық жұмысы», «ТКМК туралы ТД-ғы үздік журналистік жұмыс», «ТКМК-гі еңбек адамы туралы үздік журналистік мақала» аталымдары бойынша бірқатар адамдарға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Одан бөлек, «Ауласында мал семіртеді» мақалада Үкіметтің жұмыссыздықты жоюға, отбасылық кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ, аула шаруашылығын дамытуға көңіл бөліп жатқандығы жазылған. Екі қолға бір күрек таба алмай отырғандарды жұмыспен қамтамасыз етуде бұл тиімді бола түсуде.
Кімде-кім қолынан келетін шаруаны жүргіземін десе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өз ісін ашуына әбден болады. Міне, осындай қаржылай қолдау көріп, ауласынан шағын мал бордақылау алаңын ашып, жұмыс жасап жатқандардың бірі - Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғыны Руслан Жиеналин.
Бестамақ ауылы қаланың іргесінде орналасқан. Русланның үйі ауылдың шет жағында болып шықты. Біз келгенде ол қаладан құрамажем әкеліп, түсіріп жатыр екен. Қорапты «ГАЗель» машинасының жанында жем түсіріп жатқан жас жігітпен амандық-саулықтан кейін, әңгіме ауанын бұл кәсіпке қалай келгеніне бұрдық.
- Жалпы, мен Ойыл ауданы Тайсойған ауылында туып-өстім. Еңбек жолымды механизатор болып бастадым. Ауылда жұмыс болмағандықтан, қалаға жақындауды шештім. Шыны керек, қала маңындағы қай ауылға табан тіреймін дегенде осы ауылды көңілім қалады. Шағын үй сатып алып, қоныстандым. Он үш жыл «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-та жұмыс істедім. Кішкентайымыздан еңбекке етене өскендіктен вахтадан келген соң бос уақыт өткізбей бір шаруамен айналысуды жөн көрдім, Сөйтіп, ауылдардан мал сатып алып, бордақылап семіртуге кірістім. Бала кезімізден мал жайлап, бағым-күтіміне араласып өстік қой. Сөйтіп, мал семіртіп, етін базарға шығарып, көтерме бағамен өткізіп жүрдім, - дейді Руслан ініміз.
Шаруамен көзі ашылған ауыл баласы алғашқыда бір-екі бас баспақты бордақыға қойып келсе, келе-келе оның санын көбейтіп, союға келетінін сойып сатып отырған. Семіртуге қоятын малды ауыл арасынан емес, Батыс Қазақстан, Қостанай облысынан сатып алып отырған, себебі бұл өңірде етті бағыттағы қазақтың ақ бас тұқымды ірі қарасы өсіріледі. Ал, біздің ірі қара тез қоң жинай қоймайды, салмағы да жеңіл болып келеді. Жас та болса ірі қараның тез салмақ қосатын тұқымын танитын ауылдың малсақ баласы емес пе?
- Шаруам жүрген соң мұнай саласындағы жұмысымды тастап, бірыңғай мал өсіруге шықтым. Ол үшін несие алу керек болды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніме екінші жыл. Бастапқыда бордақылауға 13 бас қойдым. Қазір 27 басқа дейін жетті. Енді қора-қопсымыз тарлық ете бастады. Сөйтіп, көршімнің қорасын уақытша пайдаланып отырмын. Болашақта 100 ірі қара бордақылайтын шағын мал бордақылау алаңын салуды ойластырудамын. Ол үшін ауыл әкімі жер бөлуге уәде беріп отыр. Сәті түссе, шаруашылығымды кеңейтпекпін, - дейді ол.
Руслан Жиеналин өз шаруасын дөңгелентіп жүргізу арқылы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта жер бөлініп, 100 ірі қара бордақылайтын алаң ашып жатса, тағы да бірнеше ауылдастарына жұмыс тауып бермек.
Алға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақбөпе Әбдуалиеваның айтуынша, ауданда жұмыссыздықты жою және отбасылық шаруашылық түрлерін дамыту мақсатында 2016-2018 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, оны іске асыру жоспары бекітілген. Бұл бағдарламаға қатысуға 171 ауыл тұрғыны өтініш білдіріпті.
- Біздің аудан бұл жобаны осы жылдың бірінші тоқсанында өңірде алғашқы болып бастады. Бүгінгі таңда 108,6 миллион теңге қаражат игерілді. Жобаға облыстық бюджеттен «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несие ұйымы арқылы 30 миллион теңге қаражат бөлініп, 7 жеке кәсіпкерге берілді. Оның ішінде бесеуі алған қаражатын шағын мал бордақылау алаңын ашуға, екеуі сауын сиыр алуға жұмсады. Жеті кәсіпкер барлығы 156 бас мал алды. Сондай-ақ, 14 жаңа жұмыс орны ашылды. Республикалық және облыстық қаражаттан бөлінген қаржыға, яғни «Ауыл кәсіпкері» бағдарламасы және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өз қаражаты есебінен 31 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтарына 78,6 миллион теңге қаржы бөлініп, 195 ірі қара, 94 ұсақ мал алынып, 59 жұмыс орны ашылды, - дейді ол.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша І траншқа 39,0 миллион теңге бөлінгенін, қазіргі таңда несие алу үшін 25 адам Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына құжаттарын тапсырып қойғанын жеткізді. Сондай-ақ, ІІ траншқа қаралған 178,0 млн. теңгенің 114,0 млн. теңгесі «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несие ұйымына бөлініп, бұдан үміткер 20 адам құжаттарын тапсырып қойыпты. Осы бағдарлама жүзеге асқан жағдайда аудан бойынша 220-240 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, басылымның бұл санында «Қымыздан жасалған тәтті тағамдар» атты мақала жарық көрген.
«Алматыда Қазақ тағамтану академиясының қасынан қымыздан түрлі тағамдар жасайтын зауыт іске қосылды. Ғалымдардың айтуынша, әлемде мұндай өндіріс орны алғаш болып Қазақстанда ашылып отыр екен» делінген мақалада.
Академик, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов Қазақ тағамтану академиясының бірнеше жылғы ғылыми жұмыстарының арқасында осындай жетістіктерге жетіп жатқанын айтты.
- Сиыр сүтіндегі май қышқылының құрамында трансмайқышқылы деген улы зат бар. Ал биеде ол жоқ. Осыған байланысты біз мұндай сусыннан өзге де тағам түрлерін дайындау қажет деген ойға келдік. Содан мән беріп қарасақ, тортты, тәтті бәліштерді, кәмпитті, шоколадты, балмұздақты жасауға болады екен.
Қымыздан жасалған балмұздақтың ерекшелігі, құрамында адам денсаулығына қауіпті химиялық қоспалар жоқ. Оның бағасы да қымбат емес көрінеді. Мамандар алдағы уақытта бұдан бөлек бірнеше тағам түрін шығаруды жоспарлап отыр.