Солтүстік Қазақстанның жол полицейлері «жасыл керуендердің» базарларға кедергісіз жетуіне көмектесуде

Бұл шараның мақсаты - солтүстік өңірдің тұрғындарын дәрумендік өнімдермен үздіксіз қамтамасыз етуге көмектесу, үлкен жүк көліктерінің қозғалыс қауіпсіздігін және олар тасып бара жатқан өнімдерге ешкімнің тиіспеуін қамтамасыз ету болып табылады, деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
«Жасыл керуенге» ілесе жүру тәжірибесі Елбасының нұсқауымен былтыр қолға алынған болатын. Және бұл игі шара бүгінде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Жол полицейлері бүкіл маусым бойы көкөніс пен жеміс тиелген жүк көліктерін облыстың шекарасында күтіп алып, оларды Петропавлдың базарларына дейін жеткізіп салуда.
Осы бағыттағы жұмысқа жетекшілік ететін облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мерген Жұмағұловтың айтуынша, жол полициясының бірнеше экипажы Ақмола облысымен арадағы шекарада және «Келлеровка» бақылау бекетінде тәулік бойы кезекшілік атқарады. Олар облыс шекарасында жүк көліктерін күтіп алып, оларды базарларға жеткізіп салады. Бұл шара жолдардағы бопсалаушылықтың алдын алып қана қоймайды сондай-ақ апатты оқиғаларды азайтуға мүмкіндік береді. Солтүстікқазақстандық полицейлер биылдыққа 20-дан астам керуенді жеткізіп салды.
Полицейлер көрші Ресейге де көкөніс пен жеміс әкетіп бара жатқан транзиттік көліктерге де көмектесіп, оларды шекараға дейін жеткізіп салуда.
Бұл жұмысқа полицейлермен бірге «Нұр Отан» өкілдері де белсенді атсалысып отыр. Акция жылдың соңына дейін жалғасады.