Соңғы жылдары Арал қаласында көптеген оң өзгерістер жасалуда - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Соңғы жылдары Арал қаласында көптеген іргелі өзгерістердің жасалып жатқаны бірден байқалады. Бұл өзгерістер негізінен ауданға әкім болып білікті басшы, шебер ұйымдастырушы Нәжмәдин Мұсабаевтың келуімен тікелей байланысты болып отыр.
None
None

Осы аз ғана уақыт аралығында мұнда елдің еңсесін көтеріп, келбетін танытатындай көптеген көрікті нысандар қатарға қосылып, сап түзеді. Бұлардың арасынан «Тағзым» деп аталатын жаңа алаң­ы ерекше бөле-жара айтуға болады. Көлемі атшаптырым аумақ қазір аудандағы қастерлі орындардың біріне айналған. Аралдықтар оның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, лента қиғанын әрдайым зор мақтаныш сезіммен еске алады. Мұнда қадам басқаннан бойыңды ерекше сезім билейді. Оның маңайына жапырлай жайғасқан басқа жаңа нысандар да биік талғаммен жасалған. Алаңдағы тазалық жұмыс­тары тек науқандық емес, тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Монумент алаңындағы субұр­қақ­­тан атқылаған тіршілік нәрі күн шұғы­ласымен мың құбылады. Мінсіз жасал­ған балықтардың мүсіні молшы­лықты паш еткендей. Мәрмәр тақтаға Ұлы Отан соғысында от кешкен, мерт бол­ған боздақ­тардың, Ауған жерінде оққа ұшқан жауынгерлердің аты-жөн­дері жазылған. Алаңның орта­сын­дағы стеллада шайқастан орал­маған перзентін, жарын күткен ананың мүсіні орналасқан. Бұл ескерткіш соғыс зұл­ма­тының қаншалықты қасі­ретті екен­дігін жеткізіп, бейбіт күннің қадірін ұғы­нуды өскелең ұрпаққа аманаттап тұрғандай әсер қалдырады. Жара­сымын тауып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жас жұбайлар алаңға келіп гүл шоғын қойды. Аппақ желегі желбіреген қалыңдық, қуаныштан жүзі жайнаған күйеу жігіт ескерткішке тәу етіп, үлкен өмірге бірге бастаған сапарларын одан әрі жалғастырды .

Ауданнан шыққан 16 Еңбек Ері, 2 Кеңес Одағы батырының суреті, өмірдерегі тасқа қашалып, ерлік пен еңбектің даңқы өшпейтінін ұқтырып тұр. «Батыр Аналар» аллеясындағы гүлзарлардан таралған хош иіс маңай­ға жұпар шашады. «Арал ауданының құрметті азаматтары» аллеясына орындықтар қойылған. Мұнан өзге теміржол вокзалы алдында Арал балықшыларының символы ретінде «Ақ кеме» ескерткіші ашылса, «Құлан ескерткіші», «Хан шатыры» көпшіліктің көзайымына айналды.

«Тәуелсіздік» алаңындағы көкке бой түзеген үлкен монумент ұрпақ­та­рын адалдыққа, ауызбір­ші­лікке үнде­ген абыздарды еске салады. Қазақы ұғымда 7 саны киелі деп есептелетіні бел­гілі. Стелланың биіктігі тура 21 метр болуы тегін емес екен. Үштұғыр­лы ошақ кейпіндегі бұрышта Әйтеке би, Сартай батыр, Нұртуған жыраудың бейнесі көз тартады. Ескерткіш жанына олардың мәңгілік мекенінен әкелінген топырақ салынған капсула қойы­лыпты. Гранитке хал­қымыздың таны­мал перзенттері, би, батыр, ақын-жы­рау­­лар­дың есімдері өшпестей ойы­лып жа­зыл­ған. Мұ­қият қор­шал­ған маңайдағы орын­дық­тарда шүйіркелескен адам­дарды жиі кездес­тіруге болады. Аудан әкімі Нәж­мадин Мұсабаевтың айтуынша, ошақтың үш тұғыры үш жүздің бірлі­гін, қасиетті тұлғалардың саны 33-ке дөп келуі таспиықтың бір қайырымын білдіретін шартты белгі­лер екен.

«Тәуелсіздік» алаңына жақын маңайға халыққа қызмет көрсету орта­лығы, қала, аудан әкімшілігі, салық бас­­қармасы, басқа да әлеу­меттік ны­сан­дар шоғырланған. Бұл тұрғын­дарға өте қолайлы. Құжат дайындау, бас­қа да шаруаларды бір жерден бітіруге болады. Осылайша Елбасы ашқан алаң күн санап көркейіп келеді.

Соңғы жаңалықтар