Сот актілерін орындау департаменті Өскеменде заңды және жеке тұлғалардан мемлекет пайдасына берешек өндіру бойынша акция өткізеді - ШҚО

Әділет министрлігінің мәліметінше, ұйымдастырылып отырған бұл шараға облыстың қалалары мен аудандарындағы ведомствоның барлық сот орындаушылары қатысады. Облыс орталығында 3 күнге жалғасатын ауқымды рейдті өткізуге 85 қызметкер атсалыспақ. Оның ішінде, аймақтың түпкір-түпкірінен Өскеменге іссапармен арнайы келген 42 сот орындаушы өз әріптестеріне көмек жасайды.
Акцияға Салық департаменті, Ішкі істер басқармасы, Жол полициясы және коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері де қатысады деп жоспарланып отыр.
Шығыс Қазақстан облысы Сот актілерін орындау департаменті бірлескен рейд шараларын өткізу тәжірбиесін былтырдан бері қолға алып отыр. Мәселен, 2011 жылы заңды және жеке тұлғалардан коммуналдық кәсіпорындардың берешегін өндіру бойынша жарияланған акция барысында 2 722 атқару парағы орындалып, 58 млн. теңге қаржы өндірілді.
Биылғы бірлескен акцияда коммуналдық кәсіпорындармен қоса салық департаменті, ішкі істер департаменті және жол полиция басқармасының да қаулылары орындалмақ.