Сот қызметкерлерінің тарихтан алар тағлымы зор - БҚО

Жалпы, сот жүйесінің жұмысы, бағыт-бағдары бір дегенімен, оны үйлестіру жайы басшыға тікелей байланысты екені айтпаса түсінікті. Сондықтан, аталған соттың өзіміз байқаған көңіл қуантарлық тұстарын оқырмандармен бөліскенді жөн санадық.
Батыстық судьялардың бізді қызықтырғаны, ең алдымен өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істейтіні болды. Оның жарқын көрінісі «Қазақстан-Орал» телеарнасында соттың арнайы студиясы ашылған. Судьялар телеарнадағы «Заңға сүйен» хабарында халықпен жүздесіп, құқықтық сауатты арттыруға өз үлестерін қосуда. Одан кейін облыстық соттың «Ақжайық ақиқаты» деп аталатын газеті бар. Онда аймақ судьяларының келбеті, ой-пікірлері беріліп, сот жүйесінің жетістіктері, жаңаланған заңдар, т.б. көптеген ақпараттар жарияланады. Яғни, бұл судьялар өңір жұртшылығымен үздіксіз байланыста деген сөз.
Тағы бір айтарлығы, облыстық сот ғимаратының бесінші қабатында арнайы сот мұражайы ашылған. Киіз үй пішінінде жасалған мұражай бір жағынан кіндігі жапан түз, түндігі көк аспан қазақтың ежелгі өмір салты мен ұлттық дәстүрлеріне жетелеп тұрғандай. Мұражай екі бөлімнен тұрады. Оларда еліміздің сот жүйесінің тәуелсіздікке дейінгі және тәуелсіздік жылдарындағы тарихы қамтылыпты. Мысалы, сақтар мен ғұндар дәуірінен басталатын сот тарихы, әйгілі тұлға Шыңғыс хан тұсында өмірге енген исі түркі жұртының бастапқы заңдар жинағы «Билік» пен «Жасақтан» тарқатылғанын тарихтан білеміз. Заманында Шыңғысханның бас уәзірі болған «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы билер» кеңес құрып «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» қазақтың «Алтын ғасырына» дейінгі қазақ даласындағы елдік шежіресі бірінші бөлімде жинақталған. Сондай-ақ, тарихи Орданың макеті қойылған. Ал, «Ұлы дала дархандығы» дейтін екінші бөлімде патшалық Ресейдің отарлаушылық саясаты кезіндегі сот - құқықтық жүйе, Бөкей Ордасындағы билік, қазан төңкерісінен кейінгі елдің сот құрылысы мен сот билігі, сот жүйесіндегі тұлғалар туралы деректер мен жәдігерлері топтастырылған. Қарап отырсаңыз, тұнып тұрған сабақ алар тарих.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, газет, телестудия, мұражай барлығының ашылып, өмірге жолдама алуына бұрынғы төраға Қамбар Нұрышев тікелей мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Игі істің ары қарай жандануында қазіргі төраға Бек Әметұлының еңбегі зор. Біз барған тұста облыс судьялары тоғыз айлық жұмысты қорытындылау жиынына жиналған екен. Оралға алыс-жақын аудандардан ат басын тіреген билердің алқалы отырыстан соң Қазақ драма театрында «Мәңгілік елдің алтын адамы» тарихи-драмалық қойылымын тамашалағанының куәсі болдық. Өйткені, белгілі режиссер Мұрат Ахманов сахналаған Иранбек Оразбаевтың шығармасында бабалар билігінің бір парасы өріледі. Сол күні театрдың 280 орындық көрермен залы судьялар, сондай-ақ, сот мамандарымен толды. Сот қызметкерлерінің аталған қойылымды таңдауы кездейсоқ емес. Тарихи дастанда сот төрелігі мен халық даналығының арасын жалғастыратын, бірлік пен татулықты, өзара түсіністік пен бәтуаға келушілікті мақсат еткен өмір философиясы жатыр.
Қалың елді, тіпті, сөзі дуалы билердің өзін тәнті етіп, ақылына жүгіндірген Алтын ананың бейнесі тамаша сомдалған. Қолданыстағы «Медиация туралы» заңның артықшылығын дәріптейтін қойылым ұрпаққа, әсіресе, сот төрелігінің тізгінін ұстаған жастарға қазақтың дана билерінен, Қазынадай кемеңгерлерінен жалғасқан ел мен елді, ер мен ерді бітістіру үрдісін өнеге етеді.