14:37, 04 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Сот жазатайым оқиғадан қаза тапқан жұмыскердің отбасына моральдық залал өндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Рудный қалалық соты өндірістік жарақаттан қаза тапқан жұмыскердің отбасының «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-дан моральдық залал өндіру туралы шағымы бойынша азаматтық істі қарады.
Іс материалдары бойынша, 2014 жылғы 5 тамызда өзінің еңбек міндеттерін, яғни электр беру бағанасы желілерін бөлшектеу жұмыстарын жүргізу кезінде азамат Е.Юсупов тоққа түскен. Өндірістік жарақат алған жұмыскер оқиға орнында қаза тапқан.
Жазатайым оқиғаны арнайы тергеу актісіне сәйкес, жұмыс берушінің кінәсі толығымен дәлелденген.
Болған оқиғадан кейін жұмыс беруші ерікті түрде қаза болған жұмыскердің отбасына материалдық көмек көрсетіп, 1 982 000 теңге төлеген.
Моральдық залал мөлшерін белгілеу кезінде сот әділдік пен жеткіліктілік қағидасын басшылыққа алды.
Сот қазаға ұшыраған жұмыскердің отбасының талап арызын қанағаттандырып, жауапкерден 500 мың теңге көлемінде моральдық залал өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.