Спорт күніне орай Қызылордада аралас жекпе-жектен кәсіпқойлар арасында халықаралық турнир өтеді (ФОТО)
Биылғы жылы екінші мәрте ұйымдастырылатын турнирге «Alash Pride KZ» (Қазақстан) құрама командасының спортшыларымен қатар, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстаннан жекпе-жек өнерінің шеберлері бақ сынасады. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш турнирде Қазақстанның намысын жекпе-жектен Азия чемпионы, Қызылорда облысының тумасы Азамат Бахытов, қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионы, әскери самбодан екі дүркін Әлем чемпионатының жүлдегері Шахмарал Жетпісов, К-1 тұжырымы бойынша белбеу иегері Нариман Мұсаев, кикбоксингтен Әлем кубогының иегері, жекпе-жектен Азия чемпионы Арман Ашимовтер қорғайды.
Сондай-ақ, кәсіпқойлар арасында унифайттан Азия чемпионы Александр Столяров, унифайттан Әлем чемпионы Сухроб Буриев кикбоксингтен және унифайттан Азия чемпионы Нуридин Бахридинов (үшеуі де Өзбекстан), панкратионнан Ресей чемпионы Руслан Кабдуллин, тәжікстандық, әскери самбодан комбат нұсқасы бойынша Әлем жүлдегері Собирджун Сафаровтар өнер көрсетеді.
Турнир 15 тамыз күні сағат 20.00-де «Еуразия» спорт кешенінде басталады.