Спортшылар мен кәсіпкерлер тасқын судан зардап шеккендерге қолұшын созды - БҚО

ОРАЛ. 18 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық спортшылар мен кәсіпкерлер тасқын судан зардап шеккендерге қолұшын созды.
None
None

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы қала кәсіпкерлерімен бірге бұрынғы №2 балалар ауруханасында орналасқандарға азық-түлік пен күнделікті тұтынылатын тауарларды жеткізді. Барлығы 1,9 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Қайырымдылық шараларына барлығы 19 кәсіпкер, соның ішінде «Фирма Приуралье» ЖШС директоры Хамзат Исаев, «Батыс-арна» ЖШС директоры Айнагүл Сәтпаева, «Шаныбек» ЖШС директоры Николай Клименко және басқалар белсене қатысты.

Зардап шеккендерге нан, түрлі тәттілер, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, ботқа, басқа да тағамдар мен тұрмыстық құралдар әкелінді.

Алдағы аптада мұндай көмек жалғасатын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің атап өткеніндей, мемлекет тұрғын үймен, электр қуаты, газ, барлық коммуникациялық желілермен қамтуға қаржы бөлетін болады. Дүйсенбіден бастап балалардың мектепке қатынауы үшін арнайы автобус шығады. Ең бастысы, сабыр сақтау керек, деді ол.

Соңғы жаңалықтар