17:32, 23 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Степногор қаласында болған Республикалық үгіт-насихат тобы Елбасының Жолдауын тілге тиек етті
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысына іссапармен келген республикалық ақпараттық, үгіт-насихат тобы Степногор қаласында бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысып, қалалық ішкі істер бөлімінде жеке құраммен кездесу өткізді.
ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов бастаған насихат тобының мүшелері осындағы подшипник, гидрометаллургия зауыттарының бүгінгі тірлік тынысымен танысып, жұмысшылармен ашық әңгіме өткізді. Кездесу аясында Елбасының Қазақстан халқына арналған «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының басым бағыттары тарқатылып, бірқатар сауалдарға жауап қайтарды. Министр мырза қалалық ішкі істер бөлімінде құқықтық реформаға қатысты өзекті мәселелер, алда тұрған келелі міндеттер, тәртіп сақшыларының біліктілігі мен білгірлігі, әркімнің өз жұмыс учаскесіндегі жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтауда өзгеге өнеге болар оң тәжірибені тілге тиек етті.