Стратегиялық әріптестер арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді

None
None
None

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының тұрақтылығы екі ел арасындағы сан саланы қамтитын экономикалық байланыстардың серпінді дамуы және ықпалдастықтың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Ресей еліміздің стратегиялық одақтасы және сыртқы саудадағы маңызды серіктесі болып саналады.

  Стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделген екі ел қарым-қатынасының осы бір маңызды бағыты таяуда өткен Қазақстан мен Ресей ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумындағы әңгіменің негізгі өзегі болды. Дәстүрлі форум жылдағыдай шекаралық өңірде емес, ел орталығы - Астанада өткізіліп, оның жұмысына және тоғыз жүзге тарта іскерлердің басын қосқан бизнес-форумға екі елдің көшбасшылары қатысты. Бұл күн тәртібіндегі мәселеге, алқалы жиын аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты жүзеге асырылуына жоғары деңгейде мән беріліп отырғандығын көрсетсе керек. 

Құрлықтағы ең ұзын шекара бойында орналасқан екі елдің іргелес жатқан өңірлері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық белсенді дамуда. Екіжақты сауда айналымының 70 пайызға жуығы нақ осы өңіраралық және шекара маңындағы сауда-саттық үлесіне тиесілі. Дегенмен соңғы жылдары екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастар біршама баяулап, өзара сауда-саттық көлемінің азайғаны байқалады. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 15,5 млрд доллар болса, биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады.

Мәліметтерге қарағанда, 2014 жылмен салыстырғанда екi елдiң өзара саудасы 20-25 пайызға азайған.  Ал, жалпы дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 30 пайызға төмендеген. Екі ел экономикасының шикізаттық бағытын ескерсек, бұл көп жағдайда сыртқы жаһандық ахуалдарға, оның ішінде шикізаттық тауарларға әлемдік бағаның құлдырауы, сондай-ақ валюта нарығындағы ауытқуларға байланысты орын алып отырғаны белгілі. 

Жаһандық экономикадағы созылмалы сипат алған дағ­дарыс жағдайында жаңа даму жолдарын табу және екіжақты тауар айналымының серпін алуына кедергі болар жәйттер мен тосқауылдарды жою мақсатындағы алқалы жиында өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттары қатарында инвестиция, көлік пен логистика, туризм салаларының өзекті мәселелері қаралды.
Қазақстан мен Ресейге тән ортақ ерекшелік - екі ел аумағының кеңдігі мен географиялық орны.

ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Осыны бәсекелік тұрғыдағы артықшылыққа айналдыра білу керек. Атап айтқанда, біздің елдер транзиттік тасымал саласында зор әлеуетке ие. Бұл бағытта біздер бәсекелес емес, стратегиялық әріптес екенімізді ерекше атап айтқым келеді. Сондықтан көлік-логистика жүйесін бірлесе дамыту қажет. Көлік саласы екі ел экономикасы өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиіс», - деп атап көрсетті.

Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқан. ортақ кедендік шекарасы бар, теміржол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне ие Қазақстан мен Ресейдің бүгінде жоғары деңгейдегі тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз етер мүмкіндігі мол. Осы орайда, Елбасы атап өткендей, Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырған Еуразиялық экономикалық одақ аясында экономикалық саясатымызды үйлестіру қажеттігі туралы Қытай елінде өткен G20 саммитінде де айтылды.

Дәл осы тұрғыда еліміздің «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасын ұштастыру жоспарына қол қойылғаны да бекер емес. Осы ретте аталған жобаларды Ресеймен бірлесе жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі сөзсіз.

Соңғы жылдары көлік-логистика кешенін дамытуда атқарылған жұмыс аз емес. Қазақстанның темір жолы мен автокөлік жолдарының Ресейдің ірі шекаралық аймақ­тарына шығуы қамтамасыз етілді. Олар Қазақстан мен Ресей арқылы Қытайдан Еуропалық одақ елдері мен Парсы шығанағына шығатын жолаушылар мен жүк тасымалының артуына мүмкіндік туғызатын халықаралық көлік дәлізі саналады. Халықаралық көлік дәліздерінің конфигурациясын оңтайландыруға мүмкіндік берген осынау ірі инфрақұрылымдық жобалар аясында бірін-бірі толықтыратын түрлі бағдарлар түзілді.

Бұл халықаралық транзитті теңізден құрлықтағы бағдарларға қайта бейімдеуге тиіс. Енді осы реттегі жұмысты үйлестіруге күш-жігер жұмылдыру қажет.

 

Соңғы жаңалықтар