17:25, 27 Қазан 2009 | GMT +5
Студенттердің құрылыс жасақтары мен «Жасыл елдің» үздік ұйымдастырушыларына жеңіл автокөліктер тапсырылды
АҚТӨБЕ. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Биылғы еңбек маусымының қорытындылары бойынша студенттердің құрылыс жасақтары мен «Жасыл ел» жасақтарының бес үздік ұйымдастырушысына облыс әкімінің атынан ВАЗ 21074 маркалы жеңіл автокөліктердің кілттері тапсырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың айтуынша, Ақтөбе облысы студенттер құрылыс жасақтарының қызметтерін ұйымдастыруда елімізде көшбасшылық ұстанымды иеленіп келеді. Облыс әкімінің шешімімен биылғы жылы студенттердің құрылыс жасақтары мен «Жасыл ел» жасақтарын көтермелеуге арналып бөлінетін сыйлық қоры екі есе ұлғайтылған.
Автомашиналардан бөлек, белсенді студенттер мен жетекшілерге 100 ұялы телефон, 38 ноутбук, 8 сандық фотоаппарат, Астанада болуға 40 жолдама берілді. Белсенді оқу орындары мен үздік жұмыс берушілер грамоталарға ие болды.