Су басуы мүмкін: Қызылорда облысында 31 елді мекен қауіпті аймақта
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында төтенше жағдайлар кезінде 130,5 мыңға жуық адамды 151 қабылдау және жинақтау пункті қабылдауға дайын. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінен мәлімдеді.
Аталған орындар генератор, төсек-орын, жиналмалы кереуеттермен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
- Пунктер туралы және оларға баратын ең қысқа жолдар туралы дерек «Яндекс Карты», «2GIS», «SmartQyzylorda» платформаларында көрсетілген. Ал толық ақпарат интернет-порталдарда, әлеуметтік желілерде, әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланды, - деді департамент бастығының орынбасары, полковник Бекболат Әбдіқадыров.

Су басу қаупі бар елді мекендерде 53 эвакуациялық жинақтау пункті, 36 эвакуациялық қабылдау пункті орналасқан.
- 31 елді мекен су басу аймағында. Бұл — 83,5 мыңнан астам тұрғын немесе 16,5 мыңнан астам үй қауіпті тізімде деген сөз. Ал 9 елді мекен 6-8 балдық сейсмикалық, 2 елді мекен көмірсутек шикізатын өндіруге байланысты тізімге енгізілген. Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай болғанда 102 мыңнан астам зардап шегушіні қабылдайтын шатырлы қалашықтар орналастыруға аумағы 15 гектар 14 жер учаскесі бекітілді. Халықты эвакуациялау орындары дайындалды, - деді Бекболат Әбдіқадыров.
Қысқы уақытта көліктердің діттеген жеріне дұрыс жетуі үшін 12 жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Олар Қызылорда-Жезқазған, Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент автожолдарында орналасқан. Осы орайда құтқарушылар облыс тұрғындары мен қонақтардан жолға шығар алдында барлық ескертпеге назар аударуды сұрайды.
Еске салсақ, Ақтөбе облысында су тасқынының алдын алу жұмыстарына биыл 6,5 млрд теңге бөлінді.