Су көздерін тиімді пайдаланудың маңызы зор - Қ. Кенжеғалиев, БҚО

1992 жылдың 25 наурызында Қазақстан мен Ресейдің Премьер-министрлері Оралда бас қосты. Осы шара барысында ҚР Су ресурстары бойынша мемлекеттік комитеті мен РФ Экология және табиғат ресурстары министрлігі арасында аталмыш келісімге қол қойылды. Сол жылдың 27 тамызында Орынборда жалғасын тапқан жиында бұл құжатқа Үкімет басшылары қол қойды.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны БҚО филиалының директоры Қазбек Кенжеғалиевтің айтуынша, аталған келісім күні кешеге дейін трансшекаралық сипаты бар су көздерін қорғау мен пайдалану әрі екі мемлекет арасында су проблемаларына байланысты қарым-қатынастарды реттеу ісінде басты нормативтік-құқықтық құжат рөлін атқарып келді. Алайда мамандар аталған келісімнің талаптары екі жаққа бірдей әділетті орындалды деп айта алмайды. Бұл келісім негізінен Ресейге қызмет жасағанын осы саланың басы-қасында жүргендер жақсы біледі. Көрші елде жаңа су қоймалары салынды. Қолданыстағы осындай нысандарға күрделі жөндеулер жүргізілді. Мұның бәрі қазақстандық тараптың келісімінсіз атқарылды. Келісімнің осындай біржақты сипат алуы, Орал өңіріне берілетін су мөлшерін азайтып жіберді. Әрі оның сапасы да төмендеп кетті. Бұл фактор күрделі экологиялық ахуалдың қалыптасуына да әкеліп соқтырды. Сөйтіп, Қазталов ауданының аумағындағы Сарыөзеннің төменгі ағысындағы көлдердің көбі құрғап қалды. Қараөзеннің қойнауы, Қамыссамар көлі де осының кебін киді. Ресейдің Волгоград облысы арқылы Еділ суын Қазақстандағы Жәнібек суландыру жүйесіне беруде де кедергілер кездесті. Ресейліктер суды тауарға айналдырып жіберді. Оған салынатын салық мөлшерін көтерді. Осы түйткілдер соңғы жылдары екіжақты ведомствоаралық кездесулер барысында бірнеше дүркін талқыланғанымен, өзінің оң шешімін таба алмады.
1992 жылдан бері екі мемлекеттегі су проблемаларын реттеу мәселелері де түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Ол жаңа заңнамалық базаны өмірге әкелуді қажетсінді. Осы мақсатта соңғы бес жылда трансшекаралық су шаруашылығы нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі комиссия келісімнің жаңа жобасын әзірлеу мәселелерімен айналыса бастады. Бұл жобаның соңғы нұсқаларын екі тараптың сарапшылары бізде және көрші елде талқылады. Осы екіжақты пікір алмасулар кезінде оған тағы да тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. 2010 жылдың қыркүйек айында Ресей мен Қазақстан мемлекеттерінің басшылары Өскемен қаласында кездескені белгілі. Осы кездесуде екі ел аумағындағы су ресурстарын реттеу жөніндегі жаңа келісімге қол қойылды. Оның Қазақстан тарапы үшін басты пайдасы сол, Ресей Федерациясынан механикалық әдіспен су алу бойынша шығындарды өтеуге құқықтық негіз қалады. Өткен жылы Кедендік одақтың құрылуының арқасында екі арадағы көптеген мәселе өзінің оң шешімін тапты.
БҚО-дағы табиғи су қорының 80 пайызы Ресейге тәуелді. Өйткені осындай мөлшердегі су Ресей Федерациясы аумағында қалыптасады. Мәселен, өңірдегі ең басты су көзі - Жайық өзені өз бастауын Ресей аумағындағы Орал тауларынан алады. Ал Шаған мен Деркүлдің бастауы Орынбор облысының аумағында. Қара-
өзен мен Сарыөзенге су Саратов облысы арқылы жетеді. Жағырапиялық тұрғыдан қарастырғанда, облысымыз жоғарыда аталған өзендердің төменгі ағыстарында орналасқан.
Өңірдегі су тапшылығын баламалы нұсқалар мен жолдар арқылы шешу жолдары қарастырылуда. Бассейнаралық су жіберу арқылы Қараөзен мен Сарыөзеннің Ресейдегі Еділ суына тәуелділігін төмендету шаралары белгіленді. Осы мақсатта Орал-Көшім жобасы жүзеге асты. Бұл нысан Сарышығанақ көліне 30 миллион текше метр Жайық суын қосымша жіберуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 1994 жылы су тасқыны кезінде жойылып кеткен Айдархан су қоймасының да екінші тынысы ашылды. Алдағы жылы атқарылатын істер бұдан да қомақты. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Қараөзен суын Жаңажол ауылы арқылы Сарыөзенге жіберетін бөгет салынуда. Сонымен қатар облыстық бюджет есебі арқылы әзірленген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес Киров-Шежін суландыру каналы қайта жөнделуде. Бұл гидронысан Тасқала, Ақжайық және Қазталов аудандарын сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы облыстың шаруашылықаралық жүйелеріне 471,68 млн. текше метр су алынды. Оның көбі Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне берілген. Былтыр «Қазсушар» РМК БҚО филиалы Саратов облыстық су шаруашылығы басқармасымен 58,2 млн. текше метр Еділ суын алуға шарт жасасқан. Осы шарт бойынша облысымызға 60,9 млн. м3 (104,6 %) су алыныпты. Соған орай бюджеттен 698,0 млн. теңге бөлінді. «Еділ суын алу шартының көлемі Қараөзен мен Сарыөзен бойынша 58,2 млн. текше метр болғанымен, нақты алынғаны - 60,9 млн. текше метр. Сөйтіп, бағамдық айырмасы есебінен облысымызға қосымша 2,7 млн. текше метр алынып, пайдаға асты. Алынған су көлемі Қазталов пен Жаңақала аудандарының елді мекендерін тіршілік нәрімен қамтуға және бөгеттер мен өзен арнасын толтыруға мүмкіндік берді. Волгоград облысындағы Палласов су жүйесінен Еділ суын Жәнібекке жіберу үшін республикалық бюджеттен 225 млн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде Жәнібек сорғы стансасына 4 мамыр мен 25 қазан аралығында 23,1 млн. текше метр су (102,7%) айдалды. Соның арқасында Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының ауылдары сумен қамтылып, тоғандар толтырылды.
Бүгінгі күні батысқазақстандықтарға суды үнемді пайдалану, қайтарым бермейтін шығындарды азайту бұрынғы кездегіден де қажеттірек. Сол себепті мамандар суға қажеттілікті өтеу мақсатындағы каналдар да ретсіз қазыла бермеуі керек деп санайды. Сондықтан да ең алдымен оның пайдалы әсер коэффициентін ұлғайтуға ден қойылып отыр. Бүгінгі заманауи аспаптар судың нақты есебін жүргізуге үлкен көмегін тигізе алады. Аталмыш кәсіпорын өз жұмыс тәжірибесінде олардың қолданыс аясын кеңейтіп келеді.
"Қазсушар" РМК БҚФ теңгерімінде Орал-Көшім, Жәнібек, Қараөзен мен Сарыөзен жүйелерінде 848,6 шақырым магистральды суландыру каналдары бар. Өкінішке қарай, олардың бәрі топырақ арнасында жасалған. Сүзілуге қарсы қаптаулары жоқ. Соның салдарынан да пайдалы әсер коэффициенттері төмен болып келеді. Оның үстіне көп жыл бойы талапқа сай пайдаланылмағандықтан, қамыс өсіп кеткен. Кәсіпорын қызметкерлері қазір жобалық пайдалы әсер коэффициенттерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Екі-үш жыл бұрын Жәнібек суландыру жүйесінде магистральды және таратушы каналдарды қайта жөндеу және механикалық тазарту жұмыстары аяқталды. Кейін Орал-Көшім және Тайпақ магистральды каналында да механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Былтырдан бастап бассейнаралық су жіберу жолдарын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Алдағы жылы Жалпақтал магистральды каналын жөндеу жұмыстары басталмақ.
«Бүгінде әлемнің бірқатар елдері полимерлік материалдарды су шаруашылығы өндірісіне кеңінен қолдануда. Осындай жаңа технологияларды біз де тәжірибеге енгізудеміз. Қазір судың есебін жүргізуге көп көңіл бөлінуде. Мәселен, Жәнібек сорғы стансасында ультрадыбысты есептеуіш "Днепр-7" қондырғылары орнатылды. Осы аспаптар Ресейдің Волгоград облысының Палласов су жүйесіндегі сорғы стансалары каскадтарының техникалық параметрлерімен және жұмыс режимдерімен байланыстырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз одан әрі жалғасатын болады», - дейді Қазбек Кенжеғалиев.