Су тасқынына байланысты БҚО-дан сайланған ҚР Парламенті депутаттары да үн қосты
Сенат және Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Виктор Киянский, Рашид Ахметов, Елена Тарасенко, Аманжан Жамалов, Ерболат Мұқаев, Шавхат Өтемісов қол қойған хатта былай делінген:
«Құрметті жерлестер!
Биылғы көктем Жайық өңірінің тұрғындарын, батыс-қазақстандықтарды қатты сынаққа алды. Біз бәріміз бұрын соңды болмаған тасқын судың куәгері болдық.
Күтпеген пәлені басынан кешіріп жатқан барша тұрғындардың жағдайын шын жүректен түсініп, қолдайтынымызды білдіргіміз келеді. Қазіргі таңда көзді ашып-жұмған уақыттың ішінде үстіндегі үйінен, алдындағы мал-мүлкінен айырылғандардың жағдайының қаншалықты қиын екендігін білеміз. Топан судың залалын басынан өткергендердің тартқан зардаптарын жоюдың оңай емес екендігін түсінеміз.
Алайда осындай жағдайға душар болған адамдар өз тауқыметімен жалғыз қалған жоқ.
Билік органдары апатты жағдайды жою, қайғылы жағдайды басынан өткерушілерге көмектесу, келтірілген зардаптарды азайту үшін бар мүмкіндіктерін салуда. Жергілікті әкімшіліктер шұғыл қималдауда, республикалық комиссия құрылды, тәулік бойына төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеуде, Қазақстанның басқа облыстарынан көмек келуде.
Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша алғашқы көмек ретінде 870 млн. теңге қаражат бөлді. Республика жастары «Жастар Отанға» атты үндеумен студенттерді біздің облысқа құрылыс жасақтарына шақыруда. Парламент депутаттары біркүндік жалақысын зардап шегушілердің қорына аударуда. Облыстың еңбек ұжымдары ауыр жағдайда қалған жерлестеріне қаражат жинауда.
Осынау қиын минуттарда біз сіздермен біргеміз және табиғи апаттың зардабын жою және жаңа қатердің төнбеуі үшін қолдан келер көмегімізді көрсетуге тырысамыз.
Жайық өңірінің тұрғындары сынақтан сүрінбей өтіп, қиыншылықтарды еңсереді деп кәміл сенеміз».