Су тасқынынан зардап шеккен 21 адам шипажайда демалуда
Аталмыш шипажай жеке, директоры - Нұрберген Баемиров. Емдеу орнының әкімшісі Светлана Омарованың айтуынша, шипажайда бір мезгілде 110 адам демалып, ем-дом қабылдай алады. Қазір 58 адам дем алып жатыр. Осының 21-і - тасқын судан баспанасыз қалған қала төңірегіндегі тұрғындар. Жас мөлшерлері әрқилы - ішінде жасы 80-ге таялған қария мен екі айлық шарана бар.
-Бізде жатқан адамдар қала төңірегіндегі саяжайлар мен үйлерден келді. Бәрінің де баспанасын су алып кеткен. Директорымыз Нұрберген Баемировтің жерлестеріміздің басына түскен ауыртпалықты жеңілдетуге ұмтылған бұл қадамын бәріміз де құптадық. Зардап шегушілерге ем-дом алып, демалып жатқандармен бірдей қызмет көрсетілуде. Олардың алғашқы күндердегі жүздеріне қарау мүмкін емес еді. Енді-енді естерін жия бастағандай. Сырқаты барларға ем шаралары көрсетілуде, - деді С.Омарова.
Ерлі-зайыпты қос қария Махамбет, Бақыт Досқалиевтер «Вагонник» саяжайында үш бөлмелі етіп салып алған үйлерінде бала-шағасымен, тоғыз жан тұрыпты. Екеуі де Сырым ауданында ұзақ жылдар жұмысшы болып істеп, зейнетке шыққан. Бақыт апай жеті бала тауып, тәрбиелеген «Батыр ана». «Құжаттарымызды алып үлгердік, қалғаны қалды. Тіркеуге тұрып үлгерген жоқпыз. Тек суға кетерден үш күн бұрын құдай айдап, үйдің құжаттарын алып үлгеріп едік, сол көңілге медеу. Үстіміздегі бір киер киіммен қашып үлгердік. Содан тоғыз жан, ортамызда жеті айлық немереміз бар, бәріміз №26 мектепті барып паналадық. Қан қысымым көтеріліп, ауырып жатқанда, алланың нұры жауғыр Нұрберген жолдасымен келіп, бәрімізді осында алып келді. Жайлы бөлме, бес мезгіл тамақ, несін айтасыз, барлық жағдайымызды жасап жатыр. Жалғыз біз емес, орыс-қазағы бар, 21 адам бармыз», деді М.Досқалиев.