Су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа үйлер салынып, қалғандары жөнделетін болады - Ғ.Қапақов, Зеленов ауданының әкімі

ОРАЛ. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа үйлер салынып, қалғандары жөнделетін болады.
None
None

Бұл туралы Зеленов ауданының әкімі Ғайса Қапақов мәлім етті.

Оның айтуынша, тасқынның алдын алу және оған тосқауыл қою жұмыстары жүргізілмегенде, апат зардабы бұдан да ауыр болар еді. Шаған, Деркөл, Быковка, Рубежка өзендерінде судың тасуынан 7900 түтіні бар 25 ауылға қауіп төнді. Соның 595-ін ғана су басты.

Су қайтқан бойда ауылдық округтегі арнайы комиссиялар үйлерді аралап шықты. Соның нәтижесінде 106 үйдің тұруға мүлдем жарамсыз екендігі анықталды. Қалғандары қалпына келтіруді қажет етеді. Түрлі әңгіме туындамас үшін барлық жұмыс жергілікті қоғамдық ұйымдардың, әкімдіктердің, «Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйымдарының назарында болады. Қазірдің өзінде әр үй бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасалуда. Үйлердің басым көпшілігі аудан орталығы Переметный кентінде салынатын боалады. Сондай-ақ Зеленый ауылынан кеткісі келмейтіндер үшін осында тұрғызылады. Үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын құрылыс ұйымдары мен тұрғындар жүргізетін болады. Құрылыс жұмыстарына зардап шеккендер отбасылар адамдары да тартылады.

Алдағы уақытта суға кету қаупін азайту үшін Зеленый, Мичурин, Чувашинск, Достық, Асан және басқа ауылдарда қорғаныс дамбаларын кеңейтіп, нығайту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Деркөл мен Шаған арқылы су өткізу жүйесі жасалады.

Су шайған жолдар бөлігі де жөнделеді. Бұл мәселе бойынша 500 млн. астам теңге керектігі жөнінде ұсыныс жасалды.

«Елбасы айтқанындай, тасқыннан зардап шеккен ешкім де ұмыт қалмайды. Қазіргі кезде ауданда су келген барлық ауылдық округтерде 43 комиссия үш бағыт бойынша жұмыстануда. Біріншісі - шығынды анықтау, екіншісі - адамдардың тез қалпына келуін қадағалап, әр жерден келіп жатқан гуманитарлық көмекті бөлу, үшіншісі - малдәрігерлік мәселесі, әр ауладан кеткен шығынды есептеу», деді Ғ.Қапақов.

Соңғы жаңалықтар
Референдум