Судьясы парақорлыққа қатысы бар деп айыпталған аудандық сот төрағасы отставкаға кету жөнінде өтініш берді
Бұл туралы бүгінгі брифингте Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ермек Серекбаев хабарлады.
«Октябрь аудандық сотының төрағасы Қайрат Шағатаев оны қызметінен босату туралы өтніш берді. Ол болған факті үшін моральдық жауапкершілігін сезінетінін айтты. Оның өтініші Жоғарғы сотта қаралуда», - деді Е.Серекбаев.
Оның айтуынша, аудандық сот төрағасының жұмысына ескертулер жоқ. «Үстінен қылмыстық іс қозғалған Октябрь аудандық сотының судьясы Данияр Нығметжановқа келер болсақ, оның өкілеттігі сот алқасының шешімімен уақытша тоқтатылды», - деп хабарлады облыстық соттың төрағасы.
Судья Д.Нығметжанов 8 тамыз күні қорғаушы Ольга Клейман арқылы 100 мың теңге көлемінде пара алу кезінде ұсталды. Адвокатқа қатысты делдалдық фактісімен қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу нұсқасы бойынша, судья жылжымайтын мүлікке меншік құқығын мойындау туралы азаматтық іс бойынша оң шешім шығару үшін ақша талап еткен.
ҚР ҚК-не сәйкес, судьяға мүлкін тәркілеумен қоса 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеу үшін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департаментіне жіберілді. Д.Нығметжановқа қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалған жоқ, өйткені ол Қарағанды қаласының медициналық мекемесінде емдеуде жатыр.