Суға кеткен Көкпектіде жаңа үйлердің құрылысы мамырда басталады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен Көкпекті ауылында мамыр айында 51 үйдің құрылысы басталады. Оларды күзге дейін пайдалануға беру жоспарлануда, деп хабарлады облыс әкімі Бауыржан Әбдішев.
None
None

«Қазір геологиялық зерттеу аяқталып келеді, топырақ сынамасы алынды. Мамыр айында мемлекеттік сараптама қорытындысын аламыз және сол бойда барлық 51 үйдің құрылысына кірісеміз. Құрылысты күзге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Б.Әбдішев Көкпекті тұрғындарымен өткен жиында.

Әкімдіктің есебі бойынша, үйлер құрылысы 308 млн. теңгеге түспек. «Бұл қаражат облыс әкімінің резервінен бөлінеді», деп хабарлады өңір басшысы.

Оның айтуынша, Бұқар жырау ауданы әкімінің өкімімен апаттық нысандарды бөлшектеу және жаңа тұрғын үйлерді салу үшін шұғыл әрекет ету жасағы құрылды. Үйлерді тұрғызуға билік құрылыс компанияларынан басқа, студенттік құрылыс жасақтарын да тартпақ.

«Сіздердің үйлеріңіздің құрылысына бюджет қаражаты жұмсалатын болғандықтан, заңнама бойынша, біз бұл шығындарды төтенше жағдайға кінәлілерден өндіруіміз қажет. Талапқа көну шарты әзірленеді, сіздер соған қол қоюға тиіссіздер», - деп түсіндірді Б.Әбдішев зардап шеккен тұрғындарға.

Жиында айтылғандай, 167 тұрғын үйді жөндеу 165 млн. теңгеге жуық сомаға бағаланды. «Әр отбасы қоғамдық қордан шаршыметріне 9,1 мың теңгеден ақша қаражаттарын алады», - деп хабарлады облыс әкімі қабылданған шешім туралы айта келіп.

Зардап шеккендердің шағымдарына сәйкес су тасқыны салдарынан 2600-ден астам тұрмыстық техника, 118,8 млн. теңгенің жиһаздары жарамсыз болып қалды. Жиында қалауына қарай ақшалай өтем немесе заттай өтеу жөнінде уағдаластық жасалды.

Сонымен бірге облыс әкімі жеңіл автомобильдер және басқа да көліктер бойынша ешқандай өтем жасалмайтынын мәлім етті. Ол бұл жөніндегі мәселені сақтандыру бойынша немесе сот тәртібімен өндіру жолымен шешуді ұсынды.

«Қазірдің өзінде уақ іріқара малы бойынша шығын толық өтелді, шошқалар ішінара өтелді, қалған мал саны мамыр айында өтеледі. Сіздердің қалауларыңыз бойынша шығын болған сиырлардың әр басына 200 мың теңгеден демеушілік қаражаттардан өтеледі. Ақшаны 5 мамырға дейін аласыздар», - деді Б.Әбдішев. Ол іріқара төлі, жылқы, қоян және ара бойынша тірілей өтем жасалатынын қосты.

Өңір басшысы зардап шеккен шағын кәсіпкерлерге көмек көрсету жөнінде барлық мәселелер толық шешілгенін хабарлады.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі кезде жас балалары бар 10 отбасына Қарағандыдағы пәтерлерді жалдау ақысы төленуде, 14 отбасы Көкпектідегі жатақханада тұрып жатыр.

Қоғамдық қор басшылығының мәліметтері бойынша, зардап шеккен Көкпекті тұрғындарына көмекке қазіргі кезде 245 млн. теңгеден астам қаржы келіп түскен.

Еске сала кетейік, 31 наурызда түнде Көкпекті ауылындағы бөгеттің бұзылуынан 300-ден астам үй суға кетті, 5 адам қаза болды, зардап шеккен 12 адам ауруханаға жеткізілді.

Қаза болғандардың отбасыларына 1 млн. теңге көлемінде материалдық көмек берілді.

Үкімет қаулысымен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың төрағалығымен төтенше жағдайдың себептері мен мән-жайын тексеру жөнінде ведомствоаралық комиссия құрылды.

Төтенше жағдайларға байланысты лауазымды адамдарға, бөгет иесі мен су қоймасын жалдаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Облыс прокуратурасының ақпараты бойынша, қазіргі кезде бірқатар тұлғалар айыпталуда.

Соңғы жаңалықтар
Референдум