«Сыбаға» бағдарламасы ауылдағы шаруалар үшін тиімді болып отыр

Жаңақала аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және малдәрігерлік бөлімінен хабарлағанындай, аталмыш бағдарлама бойынша биыл 1 млн. теңгеден 7,5 млн. теңгеге дейін мөлшерде 7 жыл мерзімге несие берілген. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 6 пайыз. Күні бүгін ауданда 13 шаруа қожалығы осы бағдарлама бойынша несие алып, жұмыстарын жүргізуде. Шаруа қожалықтары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы алған 75,4 млн. теңге несиеге 432 бас аналық және 10 бас асыл тұқымды аталық мал сатып алуы тиіс еді. Олар 432 бас аналық мал және 12 бұқа алып, несие мақсатты түрде және толық игерілген.
Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 23,5 млн. теңге несие алған Қызылоба ауылдық округіндегі екі шаруа қожалығы бизнес жобалары бойынша 108 бас аналық пен 5 бас асыл тұқымды бұқа алу арқылы малының саны мен сапасын арттыру бағытында жұмыстануда.
Мұндай несиеге ықыласы ауғандар ауыл-аймақта көбейіп келеді.