13:00, 08 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Сыр бойында күріш ору науқаны қызып келеді
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Осыдан бірнеше күн бұрын басталған Қызылорда облысындағы орақ науқаны күн ұзаған сайын қарқынын арттырып келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, аймақта күні бүгінге дейін барлық 77379 гектар алқаптың 25 пайызы жалға түскен. Бұлардың 12,3 пайыз бөлігі бастырылып үлгерген. Әзірге дән жиналып алынған алқаптардың түсімі гектарына 39,4 центнерден айналып тұр.
Аудандар арасында әрбірі 18 мың гектардың үстінде күріш еккен Сырдария және Жалағаш аудандарының егіншілері өзгелерден оқ бойы алда келеді. Бұлардың алдыңғысы қазірге дейін күріштіктің 28,9 пайызын орып бітсе, екіншісі 27 гектар жердің дақылын дестеге сап үлгерді. Ал әр гектардан алынып жатқан өнім жөнінен Шиелі ауданының диқандары бірден алға шықты. Мұнда түсім 44 центнерден келуде.