Сыр бойының диқандары күріш орағына сақадай сай дайын отыр

ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық әкімдігінде Сыр бойының басты дақылы - күріш орағына дайындық барысын тексеруден өткізген селекторлық мәжіліс болып өтті. Жиында биыл облыс егіншілерінің мол егін еккені айтылды.
None
None

Күріштіктің көлемі 77 мың гектардан асады. Бұл - был­тырғыдан 6 мың гектарға артық. Ел несібесіне біткен осы егіннің күтімі де, шығымы да жақсы. Соңғы жылдары аяқсудың зардабын тартып келген диқандар соңғы 1-2 жыл көлемінде мол судың игілігін көруде. Дария деңгейінің жоғарылығы өнімді егу, суға бастыру жұмыстарын дер кезінде жүргізуге мүмкіндік жасады.

Орақ осы алқаптарға тамыздың соңғы онкүндігінде түскелі тұр. Жылда науқан сайын күрмеуі қиын мәселеге айналатын жанар-жағармай, дизель отыны жетіспеушілігі қазір мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия арқылы шешімін табуда. Науқанға дайындықтың барысы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының бастығы Бақыт Жақанов кеңінен айтып шықты.

Үстіміздегі жылы облыста жалпы ауылшаруашылық дақылдары 160,3 мың гектар жерге егілді. Осының ішінде Сыр салысының үлес салмағы 48,1 пайыз. Судың молдығынан осы жылы күріштен басқа арпа, мақсары, көкөніс пен картопты жылдағыдан артық ектік. Дегенмен, жерге тасталған дәннің елдің ырзығына айналуы үшін күтіп-баптау жұмыс­тарының маңызы жоғары. Осы ба­ғытта жасалған жұмыстарды сара­ласақ, биыл 52,3 мың гектар күріш үстеп қоректендірілді. Саладағы ұзақ жылғы тоқырау ізсіз кеткен жоқ. Соның салдарынан күріштіктерді арамшөп басып, дақылдың ауруға шалдығуы жиілеп кетті. Биыл осыған байланысты 43,2 мың гектар алқап гербицидпен өңделді.

Жалпы, қазір мамандар тарапынан өңірдегі басты дақылдың 49,8 мың гектары (64,5 пайыз) жақсы, 24,9 мың гектары (32,2 %) орташа деп баға­ланып отырса, тек 2 мың гектардың ғана шығымы төмен деп танылған. Басқарма басшысы биыл облыс бойынша Сыр салысының шығымы жоғары болып, жалпы 308 мың тонна өнім жиналады деп күтіліп отырғанын жеткізді.

Қазіргі есеп бойынша шаруашы­лықтарда 22,7 мың гектар алқаптың суы тартылған. Алдын ала жасалған кестеге сәйкес 20 тамыздан бастап күрішке орақ түсіп, бастыру жұмыстарын қазанның алғашқы онкүндігінде аяқтау жоспарлануда. Науқанға қажетті 445 комбайн, 395 жатка, 389 автокөлік пен 941 трактор тіркемесі қазір 94,6 пайызға әзір.

Сонымен қатар биыл «Қаз­Агро­Қаржы» АҚ арқылы лизингтік жолмен 51 жаңа комбайн алуға тапсырыс берілді. Қазір соның 15-і облысқа жеткізілсе, қыркүйек айында жаңа техникалар толық келіп болады. Сондай-ақ егін орағына қажетті 16 мың тонна дизельдің 37,8 пайызы, 3,2 мың тонна бензин мен 0,9 мың тонна қою майдың тең жартысынан астамы дайындалды.

Жаңақорған ауданының әкімі Бекмырза Еламанов науқанға дайындық туралы баян етті. Биыл жаңақорғандықтар 10 мың гектардан астам алқапқа күріш сепкен. Қазір соның 1500 гектарының суы тартылып, «Түгіскен» мемлекеттік тұқым шаруашылығында күрішті саралап ору басталып та кетті. 109 комбайн, 27 жатка және басқа да техникаларын сайлап отыр­ған диқандар жақын арада жаппай оруды бастайды.

Шиелі ауданындағы күріш алқабы - 8336 гектар. Былтырғыдан 1865 гектар артық егін еккен ауданға керекті дизель мен бензиннің біраз бөлігі жеткізіліп, техникалар толық жөндеу­ден өткізілген. Аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 22 тамыздан бастап науқанға кірісетіндіктерін хабарлады.

Сырдария ауданындағы күріштік көлемі 18 мың гектарға жеткен. Техни­ка­лар әзірлеу, дизель мен жанар-жа­ғар­май жеткізу жұмыстарын тиянақ­тап қалған аудан егіншілері науқанды мер­зі­мінде бастауды жоспарлап отыр. Ораққа әзірліктері жайлы есеп берген аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевқа ай­мақ басшысы 25 тамызда Шаған ауы­лын­да өтетін семинарға жан-жақты дайындалуды тапсырды. Күрішке ал­ғаш­қы орақ түсу рәсімін дұрыстап өткізу қажет.

Аудан әкімінің орынбасары Нұржан Демеуовтің есебінде Жалағашта кү­ріш көлемінің 18 мың гектарға жеткі­зіл­­гені айтылды. Қазір аудан бойынша техникалар дайындығы ақырғы мәрте сараптан өткізіліп жатыр. Жыл сайын нау­қанды табысты аяқтап жүрген ау­дан шаруашылық­та­ры биыл техника­ларын жаңалауға баса мән беруде.

Қармақшылықтар да был­тыр ли­зинг арқылы бас-аяғы 35 жаңа техника алған. Мемлекет тарапы­нан жасалып отырған жеңілдік­терді пай­даланып, техниканың 75 пайызын жаңалап алған қармақшы­лықтарды жауапты науқан­ға тас-түйін дайын деу­ге болады. Биыл ораққа дайындықта көлденең мәселе кездес­пегенін айтқан аудан әкімі Биғали Қаюпов күріш бағасына қатысты қа­лып­тасып отыр­ған жағдай жайлы сөз қозғады.

Ал былтыр ауа райының қолай­сыздығынан орақты кеш бастаған Қазалы ауданы биыл 8175 гектарға күріш сеуіпті. Былтырғыдан 1000 гек­тарға жуық артық еккен аудан диқан­дары қазір күріштіктің суын тарту жұмыстарын бастады. Аудан әкімі Айтбай Көшербай науқан жайлы есебін аяқтай келе, тағы бір жаңалықты жайып салды. Қазалыда құрылысы жүргізіліп жатқан тауарлы сүт фермасы кешеніне Венгриядан алғашқы Зеңгі баба тұқымы жеткізіле бастаған. Малдың бабын білетін мажар ағайындар голштино-фриз деп атала­тын асыл тұқымды қашарларды көлік­пен тасымалдауға бейімдеуге 1 жа­рым ай жұмсапты. Соның арқасында 660 бас сиырдың алғашқы легі «РЗА» АҚ кешеніне 6 мың шақырым қашық­тықтан аман-есен жеткізілді.

Осыдан кейін қала шаруашылық­тарының егін науқанына дайындығы жөнінде қала әкімі Мархабат Жайым­бетов айтып өтті. Биыл қалаға қарасты шаруашылықтар күріш көлемін был­тыр­­ғыдан 550 гектарға ұлғайтып, жалпы көлемі 2900 гектарға Сыр салы­сын еккен. Ораққа қажетті 33 комбайн, 84 трактор мен басқа да техникалар толық әзірленді. Қазір жал­пы 60 пайы­зының шығымы жақсы деп отырған кү­ріштіктегі 570 гектардың суы тар­тыл­ды. Жалпы, биыл қалаға жақын ша­руашылықтар 35 млн. теңге­нің суб­сидиясын игерді.

Қазір біршама төмендеп қалған кү­ріш бағасы алдағы уақытта көтерілуі мүм­­кін. Қазақстан нарығын жаулаған Қытай өз еліндегі дәнді дақылдарды сыртқа тасымалдауға эмбарго жария­ла­ды. Көрші мемлекеттің бұл саясаты об­лыс диқандарына үлкен мүмкіндік бе­­реді. Ала жаздайғы еңбек зая кетпес үшін осы жағдайды тиімді пайдаланып қалу керек.

Соңғы жаңалықтар