Сыр өңірі жыл соңына дейін Ақтөбе облысына 11 мың тонна азық-түлік жеткізбек

«Биылғы наурызда Сыр халқы ақтөбеліктерге ауыл шаруашылығы өнімдері мен тауарөндірушілердің көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырып, көпшілікке тиімді бағада нарыққа шығарды. Ал, мамыр айында аймақ басшылары тауарларды өзара жеткізу туралы 3,3 млрд. теңгені құрайтын 30-дан астам келіссөзге қол қойды. Нәтижесінде, ақтөбеліктер біздің өңірге құрылысқа қажетті қиыршық тас, қызыл кірпіш, тіркемелі техникалар мен өрт сөндіру құралдары, сондай-ақ жылу оқшаулағыш құбырлар, арматураларды жеткізуді өз міндетіне алды. Сәйкесінше, Қызылорда жыл соңына дейін Ақтөбе облысын 11 мың тонна азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтымақ. Сондай-ақ, бүгінде біздің өңір батыстан асыл тұқымды мал басын сатып алуда», - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қос өңір басшылары мен аудан әкімдері қатысқан жиында.
Сондай-ақ, өз кезегінде Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктер атынан Сыр еліне алғысын білдіріп, дәмі мен сапасы жоғары Қызылорданың ақ маржаны мен балығын батыстағы көршілер жақсы бағалайтынын жеткізді.