Сырттан келетін мал ауруларынан сақтану шараларын алған жөн - БҚО әкімі Н.Ноғаев

Ондағы жалпы өнім көлемі 80,8 млрд. теңгеге жетіп, 2010 жылмен салыстырғанда 23,3 пайызға өсті. Облыс тұрғындарының жартысы ауылдық жерлерде өмір сүргендіктен, біздің облыс үшін ауыл шаруашылығының әлеуметтік маңызы өте зор. Бұл туралы халық алдында есеп берген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
Қазіргі таңда облыста 379 мың бас ірі қара, 80 мың бас жылқы, 3,2 мың бас түйе, 680 мың бас қой мен ешкі, 23 мың бас шошқа, 891 мың бас құс бар. Бұл ауылдың әр төрт адамына 5 сиыр, 1 жылқы, 9 қой мен ешкі, 11 құстан келеді деген сөз.
Ауыл халқы, бір жағынан, атакәсіпті тіршілік көзіне айналдырып отырса, екінші жағынан, облысты арзан әрі сапалы ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде. Мониторингіленетін азық-түліктің 64 түрінің 34-38-і бойынша баға соңғы жылдары республикалық орташа бағадан төмен. Оның екі себебі бар: Біріншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың азық-түлік қорында картоп, пияз, сәбіз, қант, өсімдік майы, күріш және қарақұмық жармасы сияқты өнімдер сақталуда. Нәтижесінде қазір азық-түлік құны Үкімет бекіткен шекті бағадан аспауда. Екінші себебі, 64 түрлі ауылшаруашылық өнімінің 30 түрін облыс өзі өндіреді.
Облыс басшысы: «Біздің алдымызда тұрған мақсат - өзімізді және екі-үш көрші облысты емес, Кедендік одаққа кіретін елдердің ет нарығын игеру», - деп атап көрсетті. Ол үшін бірнеше міндетті атқару керек.
Бірінші, былтыр екі жерде аусыл және бір жерде түйнеме ауруы тіркелді. Сырттан келген аурудан сақтану шараларын алған жөн.
Иммундық-ферменттік талдау (ИФА) әдісі қолданылған 2009-2011 жылдар аралығында облыста 80 мың бастан аса ірі қара жойылды. Бұл - облыстағы барлық ірі қараның 17 пайызы. Мұндай жағдайда, шаруалар тарапынан наразылықтың тууы да заңдылық. Осы жағдайды ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі биылдан бастап аталған әдісті қолданудан бас тартып отыр. Ветеринария саласы бұрынғы жүйе бойынша жұмыс жасайтын болады. Облыста 12 коммуналдық мекеме, 8 зертхана, әр ауылдық округте ветеринарлық бекет құрылады. Жаңадан ашылған ветеринарлық инспекциялар мал ауруын алдын алудағы олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Инспекциялар қажетті құрал-жабдықпен, көлікпен қамтамасыз етіліп, жағдайы жасалады. Аудандарда мал дәрігерлерінің орталықтарын ашып, ветеринарлық жұмысты ұйымдастыру қолға алынады.
«Екінші, Үкімет мал шаруашылығына көп қарасып жатыр. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша облысқа 1 млрд. теңгеден астам ақша бөлініп, 235 фермерлік қожалық алты мыңға жуық ірі қара сатып алды. Әкімдер осындай мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, әрбір үйде тұрған малдың санын көбейтіп, сапасын арттыру бағытында жұмыстануы қажет.
Үшінші, соңғы үш жылда облыста 32 жылыжай салынып, жалпы саны 35-ке жетті. Екі жылда жылыжайларда 275 тонна өнім өндірілді. Бұл өнім бізді қысқы-көктемгі мезгілде қажет көкөніспен қамтамасыз ете алмайды. Жылыжай салу міндет емес, нақты табыс көзіне айналуы тиіс.
Төртінші, бізде сүтті өңдеу жеткіліксіз. Дүкен сөрелерінде көбіне Ресейдің сүті мен айраны самсап тұр. Нарықты облыстың сүт өнімдерімен толтыру бойынша нақты жұмыстар атқарылуы тиіс», - деді облыс басшысы.