Сырым ауданында «Қазақтың Қадыры» атты көрме өткізіліп, ақын сыныбы ашылды

ОРАЛ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Сырым ауданы әкімдігі және Қ.Мырзалиев атындағы қоғамдық қордың қолдауымен суретші Рафхат Халеловтің «Қазақтың Қадыры» атты көрмесі Жымпиты ауылындағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте кең көлемде өткізілді.
None
None

Аталмыш шара Р.Халеловтің «Қазақтың Қадыры» атты фотокөрмесінің ашылуымен басталды.  Р.Халелов Қадыр Мырзалиевтің 60-қа жуық фотосуретін және ақын тұтынған заттарды (ақын киген костюм, көзәйнегі, қаламы мен қарындашы, үстел сағаты, қолжазбасы, жеке кәдесыйлары, медальдары, фотоаппарат, қол орамалы, жазу машинкасы) ақын атындағы мектепке сыйға тартты. Шара кезінде Қадыр сыныбының ашылу салтанаты өткізіліп, ардагер ұстаз Гүлшат Сәлімгерейқызы сөз сөйледі. Сыныптың ашылу лентасын қию құрметіне ақын Ақұштап Бақтыгереева мен Қадыр Мырзалиев атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов ие болды. «Қазақтың Қадыры» атты көрмеге көрермендер мен қонақтар куә болған соң мектептің мәжіліс залында Қадырдың рухына бағышталған шара да басталып кетті.

«Қадыр ағаның иісі шықсын деген оймен мектептен арнайы бөлме ұйымдастырып, осы фотоқордың сақталуын қаладым. Мұқағалидың елінде болғанымда, халайық ақынның өлеңдерін жатқа оқиды. Менің айтарым, жерлестері де Қадыр ағаның өлеңдерін жатқа оқыса ғой», - деп сөзін түйіндеген фотосуретші Рафхат Халелов Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін жатқа айтты.

Қадыр ақынның рухына бағышталған шарада сөз алған елге танымал ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сөзі өте әсерлі шықты. «Ақынға арналған шара туған жерінде өтуде. Мұның өзі, әрине, өте құптарлықтай іс. Айтайын дегенім, Қадыр жыры, Қадыр тілінің зерттелуі, оны жазатындар да осы Қадыр атындағы мектептен шығатындығына күмән жоқ. Қадыр атасының жолын қуған кішкентай Қадырлар осы мектептен шыға бергей», деді ақын.

Шара кезінде Қадыр атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов ақын атындағы арнайы бөлмеге плазмалық теледидар мен DVD плеерді сыйға тартса, Ж.Досмұхамедов атындағы мұражайға да ескерткішке компьютерді тарту етті.

Аталмыш шара кезінде сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Ғабдрахим Жаңбырбаев шараны ұйымдастырушыларға алғысын айта келе, Қадыр ақынның атындағы мектепте білім алатын, «Алтын белгіге» үміткер, үздік оқушыға өз қаражаты есебінен ай сайын он бес мың теңге көлемінде сыйақы тағайындайтындығын жеткізді.

Шараны аудан әкімі Руслан Сапарғалиев қорытындылап, ақын атындағы қордың директоры Донеділ Қажымовқа ризашылық сезімін білдіріп, алғысхат табыс етті.

Соңғы жаңалықтар