Сырым ауданының белсенді ардагерлері қоғамдық-саяси өмірден қалыс қалмақ емес - БҚО
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Отарбай Сарғозыұлының айтуынша, елді-мекенде ардагерлердің 13 бастауыш ұйымы бар. Онда 2983 соғыс және еңбек ардагері, 479 тыл еңбеккері есепте тұр. Мұның сыртында түрлі санаттағы 811 мүгедек жан да қатарда.
Ұйым өткен жылы 5 мәрте отырысын өткізді. Жиындарда Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауымен қатар, Жеңістің 66 жылдығын атап өту, 1 қазан - Қариялар күнін ойдағыдай ұйымдастыру және басқа да мәселелер кеңінен талқыланып, нақты шаралар белгіленді және жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен жүзеге асырылды.
Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алуға орай, ардагерлер арасында қазан-қараша айларында мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Түрлі додаларға 43 ардагер қатысып, бақтарын сынады. Олардың жетеуі - түрлі санаттағы мүгедектер.
Ардагерлердің тұрмыс жағдайын жақсартуда тындырылған істер көп. Мәселен, аудан орталығына табиғи газ желісі тартылып, 1283 отбасының 912-сіне көгілдір отын өткізілді. Соның ішінде 4 соғыс ардагері мен тұрмысы төмен 146 отбасына газ желісінің тегін өткізілгенін айту керек. Биылғы қыс тым ерте түсіп, талай ардагердің отбасы отыннан таршылық көрді. Осыны дұрыс түсінген ауыл әкімдері шаруа құрылымдары мен ауданның іргелі мекемелерінің қолдау жасауды сұраған болатын. Нәтижесінде, аудан бойынша әлеуметтік қолдауға мұқтаж 113 отбасына тезек, 75 тонна көмір, 214 жанұяға жеңілдетілген бағамен 4280 центнер шөп түсіріліп берілді.
Бұдан басқа 2 соғыс ардагері мен 14 тыл еңбеккерінің үйлері жеңіл жөндеуден өткізіліп, осы мақсатқа қолдау көрсеткен құрылымдар 3,2 млн. теңге қаржы бөлді.
«Биыл аудан бойынша 28 соғыс және еңбек ардагері мерейлі (70-90) жасқа толғалы отыр. Мерейтой иелеріне аудан, ауыл әкімдерімен бірлесіп, құттықтау хат және лайықты сыйлық жасау жоспарланған. Бұл мақсатқа қаржы ардагерлерден ерікті түрде жиналатын «Қамқор» қорынан бөлінбек. Ендігі мақсат - алдағы 15 қаңтарда өтетін сайлауда халық қалаулыларына ұйымдасқан түрде дауыс беру», деді ардагер.