Т.Бигелдинов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының жұмыс істемей тұрғандығы өкінішті - Галина Бигелдинова (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 28 Панфиловшылар атындағы саябақта Кеңес Одағының екі мәрте батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновты еске алуға арналған митинг өтті. Оған батырдың қыздары Галина мен Раушан, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері, әскери оркестр , ҚР ҚМ Радиоэлектроника әскери-инженерлік институтының курсанттары қатысты. «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында батырдың қызы Галина Бигелдинова әкесінің өте жайдары кісі болғандығын айтты.
None
None

«Әкем сондай жайдары, жаны жайсаң адам болатын. Қонақ күткенді, той-думанды өте жақсы көретін. Әзілі жарасқан адаммен керемет қалжыңдасатын. Анекдоттарды көп білетін. Ал балаларды барлығынан да артық жақсы көрді. Бізді аялап, бауырына басып өсірді. Тәрбиеледі, еңбекке баулыды. Мені еміреніп құшақтағанда, жақ сүйегім сықырлап кететіндей көрінетін. Қазір енді осының барлығын жылап отырып еске аламыз», - деді Галина Бигелдинова.

Сонымен қатар, батырдың қызы соңғы үш жылдан бері Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының жұмыс істемей тұрғандығы жөнінде өкінішін білдірді.

«Бұл қорды алғашында әкем басқарды. Кейін әкемнің орнына өзім басқардым. Біз қаладағы Ардагерлер үйін, ақыл-ойы кем балалар жатып емделетін үш интернат үйін, басқа да орындарды азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұрдық. Жаңа жылда «Талғат атаның атынан» деп сыйлықтар тарататынбыз. Қазір мұның барлығы жайына қалды. Өйткені, біз жалдап тұрған ғимараттың жалдық тарифы жылыны үш есе қымбаттап кетті. Тариф 3 млн. теңгеге жеткен соң, жұмысты тоқтатуға тура келді. Ғимараттың алдында автотұрағымыз болатын. Қордың қызметкерлерінің жалақасына және қайырымдылық шараларға қаржы негізінен осы автотұрақтан келіп түсетін. Оған да тыйым салынды. Біз қазір қала әкімдігінен бұл ғимараттың бізге төлеусіз тегін берілуін сұрап отырмыз. Өйткені, әкемнің отанына еңбегі сіңді емес пе!? Әзірге жауап жоқ. Егер ғимарат сенімгерлікпен басқаруға берілер болса, онда амал қанша, тендерге қатысу үшін демеушілер іздермін», - деді Галина Бигелдинова.

Соңғы жаңалықтар