Табиғи апат зардаптарын жоюда да құрылысшылардың еңбегі зор - Сергей Кулагин

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өңірдегі құрылысшы мамандық иелерін алдағы кәсіби мерекелеріне орай құттықтады.
None
None

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Құрметті құрылыс саласының еңбеккерлері ­мен ардагерлері! Сіздердің баршаңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жер бетіндегі ең ежелгі және бейбіт кәсіптің иесі ретінде сіздерді халық қашанда құрмет тұтады. Өйткені, адамзат тарихының барлық кезеңдерінде өркениеттің биік өлшемі құрылысшылардың қолымен жасалған сәулетті қалалармен, зәулім ғимараттармен бағаланса, ел экономикасының басты көрсеткіші құрылыс жұмыстарының қарқынымен анықталды.

Аты айтып тұрғандай, бұл мамандық иелері елді мекендерімізді көркейту, абаттандыру сияқты халық үшін аса қажетті жұмыстарды мойнына алған. Құрылысшы мамандығының мәртебелі болатын себебі де сондықтан. Сәулетшілер, дизайнерлер, тас қалаушылар, сылақшылар, прорабтар мен әрлеушілер - бүгінгі құрылыс үшін қажетті осындай сан қырлы мамандықтардың бәрін тізбелей беру артық болар. Олардың бәріне ортақ бір қасиет жұмыс сапасын жақсартып, құрылыстың сапалығы мен жайлылығын қамтамасыз ету болып табылады.

Бүгінгі күні Қазақстанның құрылыс саласы дамудың жаңа бір кезеңіне шығып отыр. Жыл сайын мемлекет тарапынан тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды салу үшін қаражат бөлініп келеді. «Үдемелі индустриялық­ инновациялық даму», «Қолжетімді баспана­-2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнесті­ң жол картасы» және «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» тәрізді ондаған бағдарлама игеріліп, жүзеге асырылуда.

Белгіленген бұл жоспарлардың бірде біреуін құрылысшыларсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Әлемде қаржы дағдарысы белең алған шақта құрылыстың қарқынын бәсеңсітпей келе жатқан біздің еліміздегі осы кәсіп иелерінің төл мерекесі ел үшін де маңызы зор оқиға. Жыл өткен сайын қалаларымыз бен ауылдарымыздың сыртқы бейнесі өзгеріп, көркі көз тартар әсем ғимараттармен толығып келе жатқандығы ғажап. Облысымыздың ең шалғай елді мекендерінде де тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, жұртшылықтың игілігіне беріліп жатыр.

2014 жылы облыстағы құрылыс ұжымдарының табанды еңбегінің арқасында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Атбасар қаласының тұрғындары үшін көпқабатты 4 тұрғын үй салынып, 1 көпқабатты үй қалпына келтірілді. Биылғы жылғы табиғат апатының зардаптары да осы құрылысшылардың күшімен жойылатыны сөзсіз.

Құрметті достар! Кәсіби мереке қарсаңында облысымыздың барлық құрылысшыларын осы қуаныштарымен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға береке-бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Әрдайым өздеріңіз қалаған мамандықтарыңыздың шырқау биіктерінен көріне беріңіздер!», делінген құттықтауда.

Соңғы жаңалықтар