Табиғи өрт салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары көмек алатын болады - Павлодар облысы
Жанып жатқан орман шетіндегі өртті сөндіру үшін өзінің қызметтік міндетін орындау барысында Бесқарағай орман шаруашылығының директоры Ержан Байкетаев пен орман шаруашылығының тракторшысы Николай Самусь қаза тапты. Көкжал орман шаруашылығындағы өрт шаруашылықтың жұмысшысы Еренғайып Молдажановтың өмірін алып кетті. ҚР ТЖМ министрі мен облыс әкімі бұл ержүрек адамдардың марапатқа ұсынылатындығын, олар ел есінде ұзаққа сақталатын құрметке ие екендігі атап өтті.
Жанып жатқан орман арасынан көлікпен шыға алмай қалған бір отбасы зардап шекті, ұлдары мен әкесі қаза тапса, анасын күйік шалып, қазір оның өмірі павлодарлық аурухана қызметкерлерінің қолында.
Б.Сағынтаев қаза тапқандардың туған-туыстары мемлекет тарапынан бір миллион теңге қаражат көлемінде көмек алып, жерлеуге кеткен шығындарды мемлекет көтеретіндігін айтты.
Қуанышқа орай, өрт шалған ауылдың үйлері мен мүліктері ғана өртеніп, адам шығыны жоқ болды, бірақ көздері көрген сұмдықтан кейін адамдарға психологиялық тұрғыдан дәрігерлер бригадасы қолдау білдіріп жатыр.
«Малдары мен қысқы дайындықтарынан айырылған ауыл адамдары жәрдемге ие болады. Мен жергілікті атқарушы органдарға Жабағалы мен Байымбет кентеріндегі әрбір үйге барып, шығын көлемін есептеуді тапсырдым. Ертеңнен бастап-ақ көрші аудандардан қажетті шөп мөлшері жеткізіле бастайды», - дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімі журналистер назарын өрт сөндірушілерге көмекке келген ауыл тұрғындарының белсенділігіне аударды. Әйел адамдар, балалар мен қариялар тілсіз жау шарпыған ауылдардан қауіпсіз жерлерге көшірілсе, ауылдың ер азаматтары отпен алысты, қыркүйектің 9-ы күні таңертең жалын ауыздықталды. Аудан ауылдарының барлығынан 200-ге тарта адам жиналды, облыс бойынша 1000 ерікті адам өрт сөндіруге дайын еді. «Мен оларға өте ризамын, олар ең бірінші өз өмірлерін емес, адамдардың аман қалуын ойлады», - деді аймақ басшысы.