Таиландты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы келешегі бар сыртқы саяси және сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастырамыз - Президент
Бұл туралы бүгін Ақордада 5 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы аталған елдің Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының, АСЕАН-ның танымал көшбасшысы екендігін атап өтті.
«Таиландтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Дәстүрлі және әлемдік діндер көшбасшылары съезінің қызметіне қатысуының зор мәні бар деп санаймын», - деген ҚР Президенті Таиландтың Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі өңірлік форумның қауіпсіздік жөніндегі мүшесі болуға қолдау білдіретіндігіне үміттенетіндігін айтты.
«Премьер-министр Йинглак Чинаватаның Қазақстанға сапары биылғы тамыз айына жоспарланып отыр. Біз күтудеміз. Бұл сапар мемлекеттеріміз арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға мүмкіндік туғызады деп сенемін», - деді Н.Назарбаев.