Талдықорғанда 8-ші сынып оқушысы Мадияр Мамырбеков екі сәбиді өлім аузынан құтқарып қалды
Төтенше оқиға қала маңындағы Подхоз ауылында 14 сәуір күні болды. Сегізінші сыныптың оқушысы Мадияр Мамырбеков елдімекеннің шетінде жайылып жүрген сиырларға бет алған еді.
«Мен көпірмен өтіп бара жаттым, - деп өзінің әңгімесін бастады жас құтқарушы. - Кездейсоқ суға назар аударып едім, толқынды су екі баланы ағызып бара жатты. Олар көмек сұрап айғайлады».
Бала ұзақ ойланбастан сыртқы киімін шешіп 10 метрлік көпірден суға сүңгіген. «Алдымен үлкенін құтқардым. Оған жетемін дегенше, оны судың ағысы ұзаққа алып кетті. Оны дереу жағаға жеткізіп, екіншісіне асықтым. Жасы кішірек бала қимыл-қозғалыссыз болды. Оны жағаға алып шығып, бетін төмен қаратып тіземе салдым. Биология сабағында көрсеткендей өкпесінен жиналған суды шығаруға тырыстым», - деп еске алды Мадияр.
Бұл жағдайға жақын жерде балық аулап отырған қала тұрғыны куә болғанымен, балаларға көмектесуге асықпаған. Бірақ өзен жағасында балалардың есін жиғызуға тырысқан тәжірибесіз жасөспірімді көргеннен кейін зардап шеккендерге қажетті көмекті көрсетуге асыққан.
Құтқарылған балалардың туғандары үлкен делегациямен Мадияр оқитын мектепке келіп, оның ұстаздарына алғыстарын айтпағанда жеткіншектің ерлігі туралы ешкім білмес еді.