Талдықорғанда Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХҮ сессиясы өтті
Сессия жұмысына облыс әкімі Серік Үмбетов, облыстық ұлттық этномәдени орталықтардың өкілдері, бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, депутаттар қатысты.
Сессияға қатысушылар Ел бірлігі доктринасының қабылдануы тұрғысынан ұлттық саясатты дамытудың жаңа келешектерін талқылады.
Облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай өзінің сөзінде атап өткеніндей, ХҮ сессияда талқыланған негізгі құжат ретінде Ел бірлігі доктринасы ешкімді де бей-жай қалдырмады. Бұл құжаттың түпкілікті нәтижесі қоғамды демократияландыру, ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық татулық пен этникааралық келісімді қамтамасыз ету негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту болуы тиіс.
Достық үйінде облыс Ассамблеясының «Ынтымақ» қоғамдық университетінің тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет, деп атап өтті делегаттар. Бұл орган азаматтардың саяси сауаттылығын көтерумен, тұрғын халықпен кең көлемде идеологиялық ақпараттық қызметтер жасаумен айналысатын болады.