Талдықорғанда дүкендерге бірнеше дүркін шабуыл жасады деген күдікпен екі адам ұсталды

2016 жылдың қаңтары мен сәуір айлары аралығында Талдықорған қаласында дүкендерге қарақшылық шабуылдар жасалғаны туралы полицияға шағымдар түсе бастаған.
«Тексеру барысында із кесушілер қылмыстардың ұқсастығын, олардың бір қолдан жасалғанын анықтаған. Сосын зәбір көргендерді суреттеулері де, қылмыскерлердің сыртқы кескін-келбеттері мен қылмыстық әрекеттері де ұқсас болып шыққан. Мәселен, қылмыскерлердің біреуі есікті тартып жауып тұрса, бетперде киген екіншісі қорқытып, кассадағы ақшаны талап еткен. Жедел-іздестіру тобы көп ұзамай аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Ескелді ауданының 1994 және 1995 жылы туған екі тұрғынын құрықтады», делінген баспасөз баянында.
Күдіктілердің алты қарақшылық шабуылға қатысы бар екені дәлелденген. Қазір олардың үстінен тергеу жұмыстары жалғасуда.