13:01, 08 Мамыр 2010 | GMT +5
Талдықорғанда қонақтарды киіз үй қалашықтары қарсы алуда
ТАЛДЫҚОРҒАН. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Талдықорғанда Жеңіс күніне орай дәстүрлі киіз үйлер тігілген, онда қымыз, шұбат және басқа да қазақтық басты ұлттық тағамдары сатылады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тұрақты «Қымызхана» нүктелерін ашу Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың бастамасы. Ұлттық дәстүр мен салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында ол 16 аудан мен 3 қалалық әкімдіктен облыс орталығында осындай киіз үйлерді тігуді сұраған.
Енді Талдықорғанның кез келген тұрғыны өзі тұратын шағын ауданда тәңертең тұра салысымен ұлттық сусындар мен тағамдарды сатып ала алады.
Ауыл шаруашылық департаментінің мәліметтері бойынша, былтыр бұл тұрақты нүктелерде 141,4 мың литр қымыз, 127 мың литр шұбат сатылған. Серік Үмбетов өз бастамасын іске қоса отырып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен салауатты өмір салтын қалыптастыруды дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.