Талдықорғанда «Менің Отаным - Қазақстан!» жастар форумы өтуде

Бұл жөнінде Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы облысында 40-тан астам жастар бірлестігі, оның ішінде Қазақстан жастар конгресі, Қазақстан студенттер альянсы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, Ауыл жастарының одағы және т.б. белсенді жұмыс істейтін облыстық филиалдар тіркелген.
Облыс әкімінің бағдарламасы бойынша өткен жылы жастар саясатын іске асыруға арналып облыстық бюджеттен - 46 млн. 517 мың теңге, ал биыл 48 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Қытайдың таңдаулы оқу орындарында Алматы облысының 19 түлегі білім алуда.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен студенттер үшін қоғамдық көлікте ақысыз жүру ұйымдастырылды, жетім балаларға, әл-ауқаты нашар және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға арнап жалпы білім беру гранттары бөлінді. Облыс әкімінің грантымен 200 студент оқуда. Республикалық және әлемдік деңгейде қомақты нәтиже көрсеткен 45 спортшы облыс әкімінің стипендиясын алады. Сонымен қатар, олардың ішіндегі болашағынан үміт күттіретін 15 спортшыға пәтерлер берілді.
Облыс басшыларының осы және басқа да нақтылы қадамдары жастарға біздің мемлекетіміздің одан арғы батыл қадамдарына деген сенімдерін арттыра түседі.