Талғат Бигелдиновтің даңқты ерлігі халқымыздың тарихында алтын әріптермен жазылды - В.Жандәулетов (ФОТО)

Бұл туралы Бүгін Алматыда Ұлттық кітапханада өткен еске алу кешінде ҚР Президенті баспасөз қызметінің Алматыдағы бюросының жетекшісі Валерий Жандәулетов айтты. «Бүгін ерекше күн. Даңқты батыр, халқымыздың белгілі ұшқышы Талғат Бигелдиновтің туған күні. Ол кісінің қазасы миллиондаған қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып кетті. Ол кісі жаны жарқын, жүрегі мейірімге толы азамат еді. Кез-келген ортада тіл табысып кететін. Оның ғибратты әңгімелерін тыңдау бір ғанибет іс еді», - деді В.Жандәулетов. Оның айтуынша, соңғы жылдары қазақтың атын шығарған, елін қорғаған батырлар туралы кітаптар жиі жарық көре бастады. «Олардың ерен еңбегі жазылған кітаптар, жарияланымдар тарихымызды ұрпаққа жеткізер құнды жәдігер. Оларды мұқият сақтауымыз керек», - деді ол. Еске сала кетейік, бүгін атақты ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің туған күні. Осыған байланысты Алматыда 28 панфиловшылар саябағында оны еске алу митингісі өтті. Сондай-ақ бүгін офицерлер үйінде Т.Бигелдиновке арналған көрме ашылды. Оған батырдың өмірінің әр кезеңінде түскен фотосуреттері және өзіне қатысты архивтік құжаттар, кітаптар, газет және журналдар қойылды. Митингтен соң «Генералдар кеңесінің» мүшелері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Талғат Бигелдинов Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің 13-ші нөмірлі ИЛ-2 ұшағымен 305 рет шабуылға шығып, көк жүзінде 500 сағат болған. Берлинді талқандау операциясына қатысқан. Жаудың 7 ұшағын атып түсірген. Фашистер Талғат Бигелдинов мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған.