18:48, 05 Тамыз 2015 | GMT +5
Талғат Ермегияевті үй қамауында ұстау мерзімі 12 қыркүйекке дейін ұзартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот ірі көлемдегі ақша сомасын ұрлауда күдікті деп танылған «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысын үй қамауында ұстау мерзімін ұзартты.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы Астана сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова хабарлады.
«Кеше №2 Алматы аудандық соты Талғат Ермегияевке қатысты үй қамауында ұстау туралы бұлтартпау шарасын үш айға дейін, яғни 2015 жылдың 12 қыркүйегіне дейін ұзарту туралы өтінішін қарастырып, қанағаттандырды», - деп хабарлады ол.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысына ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігіндегі «б» тармақшасымен қарастырылған ауыр қылмыстарды бірнеше рет қасақана жасады деген күдік таңылды.
12 маусымда Астана қаласындағы №2 Алматы аудандық сотының шешімінен Талғат Ермегияев 2 айлық мерзімге үй қамауына алынды.