Талсуат ауылы жылдан жылға өркендеп келеді - Қызылорда облысы
Ауылдық округті қазір өңірге белгілі азамат Тастайбек Мұсабаев басқарады. Бүкіл саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған ол жаңа жұмысқа да құлшына кірісіп, елді мекеннің қарқынды дами түсуіне өзіндік үлесін қоса бастады.
Жаңа басшысының тұсында ауылдағы әлеуметтік бағыттағы нысандар жұмыстары жандана түсті. Елбасының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын соңғы Жолдауында әлеуметтік салаға баса назар аударылды. Осыған орай аймақта мемлекеттік және жеке меншік мекемелер орналасқан балабақша ғимараттарын өз мақсатында қайтару мәселесі де көтерілді. Осының орайында ауылдағы 90 орындық «Ласточка» балалар бақшасы қайтарылды. Дегенмен, осы кезге дейін бос тұрған ғимараттың іші-сырты тозған екен. Сондықтан балабақшаны жөндеу жұмыстарын 3,5 миллион теңгелікі сметалық құжаттамасы жасалды. Ауыл тұрғындарының мектепке дейінгі жастағы балаларын есепке алған кезде балалар саны 198 болды. Оның 35-і ғана мектепке дейінгі мекемеге тартылғанымен, 163 бала қамтылмай отыр.
- Ең бірінші халықтың сұранысын қанағаттандыруды қолға алып отырмыз. Осыған байланысты «Арал газ» мекемесімен келісім жасап, арзан газ таратуға ықпал жасалынды, - дейді Тастайбек Мұсабаев. -Қазір ауылда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 200 орындық мүгедектерді оңалту орталығы, 150 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық, 300 орындық жүйке аурулар ауруханасы бой көтерді. Аталмыш мекемелер 560 адамды түрлі қызметпен қамтамасыз ететін болады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауылда спорттық нысандар салынуда. Ауыл орталығынан ойын алаңын салу үшін 5 миллион теңге бөлінді. Ал «Миг-21» ЖШС мекемесінің демеушілігімен №178 орта мектептің ауласына волейбол, баскетбол алаңдары салынды.
Талсуат ауылдық округінде кіші кәсіпкерлікті дамытуда біршама жұмыстар бар. Мал шаруашылығын дамыту үшін «Ауылшаруашылық қолдау қорынан» 6 ауыл тұрғыны шағын несие алды. Тағы 15 адам ниет білдіріп отыр.
Ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларын анықтап, «Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі арқылы 31 отбасыға балалар жәрдемақысы, 5 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек, 31 отбасыға тұрғын үй көмегі тағайындалды. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша 29 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, оларға 1 миллион 950 мың теңге төленген. Елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстары өз деңгейінде жасалып жатыр. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері және «Энергия», «Асар», «МИГ-21» мердігер мекемелерінен 3 автокөлік, 1 трактор тартылды.
Халықпен болған кездесуде Талсуат ауылдық округіне қарасты екі елді мекеннің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс айтылған еді. Осы өтінішке орай, ауылдағы ішкі көшелер тегістелді. Байкенжеев көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу үшін 10 миллион теңге бөлініп, көше толық тегістеуден өтті. «КРЭК» мекемесімен бірге 5 шағын стансаға күрделі жөндеу жүргізілді. А. Құнанбаев және Оспан көшесін жарықтандыруға 1 млн. теңге қаражат бөлініп, көше жарығы биылғы жылы халық игілігіне беріледі.
Ауылдық округтегі дәрігерлік амбулаторияның қыс айларында ем қабылдауға мүмкіндігі жоқ еді. Ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде дәрігерлік оның бу қазандығы күрделі жөндеуден өтіп, емдеу орнының іші жылынды. Енді УАЗ автокөлігі қайтарылып, дәрігер тұрақты жұмыс атқаруда.
Елді мекенді «Таза ауыз сумен» қамтамасыз етіп отырған ұңғыма 1984 жылы салынған. Оның ауылды толық қамтуға мүмкүндігі кем, сол себепті қосымша ұңғыма салу қажеттігі туындады. Бірнеше жылдан бері ауыл ішінде аяқ су келмеген көшелерге аяқ су апару үшін жеке кәсіпкер С. Махановпен келісім-шартқа отырып, 1500 метр жерге арық тартылды. Ауыл ішіндегі аялдамалар да жөндеуден өтті. Ауылдық округтегі бөгеттердің әлсіз жерлері нығайтылды. Аяқ су жүретін жолдардың ескі іздерін тазалап, Геолог елді мекеніне аяқ су апару үшін көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Елді мекенді аяқ сумен қамтамасыз етуге бөлінген 800,0 мың теңгеге 2 шлюз орнатылып, 500 метр арық тартылды.
- Міне, осылай ауылды дамыту мен оның тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуда ауылдық округ осындай жұмыстар атқарып келеді. Бұл жұмыстар алда да өзінің заңды жалғасын табады, - деп сөзін түйіндеді Тастайбек Түрікбенұлы.
«Гүлденсе ауыл - гүлденеміз бәріміз». Қазақ классиктерінің бірі Сәбит Мұқановтың қаламынан туған осы жолдардың қазір де мәні мен маңызы төмен емес. Ауыл гүлденсе, шынында да ол бүкіл еліміздің өркен жайғанына нақты айғақ болады. Осыны жақсы сезінген ауыл еңбеккерлері мен олардың жетекшілері де өздері тұрып жатқан жерді иран бағына айналдыру жолында барлық күш-жігерлерін жұмсауға қайыл. Талсуат ауылының тәжірибесі осыны көрсетеді.