Тан династиясы тұсында дүниеге келген қытай гравюралары Астанадағы көрмеге қойылды

ҚХР Төтенше және Өкілетті елшісі Чжоу Лидің айтуынша, аталмыш көрме Қытай Халықтық Республикасының құрылғанына 62 жыл толуына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған.
«Бүгін сіздердің алдарыңызда дәстүрлі қытай нақышының 120-ға жуық данасы ұсынылып отыр. Бұл баспа және көркемсурет өнерін біріктіретін ең көне өнерлердің бірі. Аталмыш өнер түрі 1400 жыл бұрын Тан династиясының заманында дүниеге келген. «Жаңа жылдық гравюралар» деген атауға ие болған бұл жанр негізінен көктем мерекесіне - қытайлықтардың жаңа жылына арналды», - деді Елші.
Мереке қарсаңында қытайлықтар өз үйлерінің терезелерін, есіктерін, қабырғасын осындай суреттермен безендірген және бұл олар үшін байлықтың, бақыттың, бейбітшіліктің нышаны болған. Қазіргі заманғы Қытайда да жаңажылдық картиналар дәл солай кеңінен тараған, ал олардың сюжеттері әр алуан.
Президенттік мәдениет орталығындағы көрмеде қытай халқының байлығы мен дәстүрлік тереңдігін көрсететін няньхуа гравюраларының жүзге жуық түрі қойылған. Ол еңбектердің ішінде - «Ұлдық парыздың орындалуы» гравюрасы, сонымен бірге әйгілі «Ұлдың 24 ісі», «Он кемшілік», «Жауыздың картасы» сынды туындыларды байқауға болады.
Мұнда ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қазақ-қытай достығын бейнелейтін, қазақ елшісінің ерте Қытай императорына сәйгүлік тарту етіп жатқан суреттер де қойылған.
«Жаңа жылдық гравюралармен қатар, Астанадағы көрмеге қазіргі замандағы Қытайдың жетістіктерін көрсететін картиналар қойылды. Елшілік Қытайдың тарихына, мәдениеті мен өнеріне, халықтың өмір салтына және Қытай жерінің табиғатына арналған 300-ге кітап ұсынуда. Көрме аяқталысымен біз бұл қорды ҚР Президенттік мәдениет орталығына сыйға тартамыз», - деп атап өтті Ч. Ли мырза.
Көрмені Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Елшілігі мен Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы ұйымдастырып отыр.