Тараз қаласында «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» облыстық форумы өтті

Бұл туралы "Назарбаев орталығы" мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Баласағұн» орталық концерт залында өткен шара «Біз - бір халықпыз. Бір - елміз! Тағдырымыз да бір!» деген ұранмен өтті. ҚР Мемлекеттік әнұраны орындалып, «Назарбаев орталығы» ММ дайындаған «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» деректі фильмі көрсетілгеннен кейін, сахнаға салтанатты шараның кейіпкерлері - түрлі саладағы жетістері мен табыстары арқылы көпке үлгі, ұрпаққа өнеге болып жүрген, биік жеңістерімен Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүрген тұлғалар шақырылды.
«Патриот болу деген сөз - Қазақстанды жүрегіңе ұялату!» Бұл сөздерді айтқан мемлекетіміздің басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Осы қанатты тіркес көптеген қазақ жерінің азаматтарының, соның ішінде, Жамбыл облысы тұрғындарының да өмірлік кредосына айналып үлгерген. Олардың ең үздіктері бүгін түрлі аталымдар бойынша алғысхаттармен марапатталды.
Сонымен, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков шығып, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР профилактикалық медицина Академиясының мүшесі, Кардиохирургия орталығының директоры Сейітхан Жошыбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Күләш Ахметова; Жуалы аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарас Мұратаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұсахан Мұратбековты «Асқақ азаматтық» аталымдарында алғысхаттар тапсырды.
«Жан жүрегім, Қазақстан!» аталымы бойынша 28903 әскери бөлімінің командирі, полковник, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Алексей Қалижанов, «Джун-РИ» таэквондо халықаралық чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстан чемпионы, Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасақ командирі Нұржан Рысбаев, Тараз қаласы өртке қарсы қызметінің старшинасы Кенесары Аманбаев, бірінші кезектегі авариялық-құтқару жұмыстарын жұргізу жөніндегі №1 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің газ түтіннен қорғау қызметінің аға шебері Қанат Жаныспаев марапатталды.
«Әлем таныған Қазақстан!» аталымын Лондон Олимпиадасының еркін күрестен қола медаль жүлдегері, Қазақстан Республикасының халықаралық санаттағы спорт шебері Ақжүрек Таңатаров танымал спортшыларға - халықаралық дәрежедегі спорт шебері, армрестлингтен жастар арасында ҚР және Азия чемпионы Владимир Матченкоға, самбо күресінен жастар арасында Азия чемпионатының жеңімпазы Жансая Жасұзақоваға, шахматтан ұлттық құрама мүшесі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Жастар арасында ҚР чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Мәдина Дәулетбаеваға, дзюдодан әлем және Азия чемпионы Елдос Сметовке тапсырды.
«Биікке самғаған Қазақстан!» аталымынынң жеңімпаздары «Супер Фарм» және «Әмір және Д» ЖШС жетекшісі, «Жылдың үздік провизоры» республикалық байқауының гран-при иегері Қарлығаш Қаймолдаев, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаевті, «КазЭкоВатт» ЖШС-нің директоры Сәрсен Көкебаевты (Қордай ауданы, Отар ауылында елімізде алғашқы рет 14,25 га жер көлемінде 10 мВт қуаттылығымен күн электроэнергиясын өндіру кешенін тұрғызған), «ҚазТрансГазАймақ» Жамбыл филиалының газ желілерін пайдалану желілік қызметін қараушы Жамбыл Сүлеймановті халық зор қошеметпен қарсы алып, оларды марапаттау «Қазфосфат» ЖШС-нің директоры Мұқаш Ескендіровке бұйырды.
Отанға деген махаббат пен патриотизмді өмірлерінің басты құндылығы санаған спикерлер Қазақ жерінде бейбітшілік пен келісімді сақтау керектігіне назар аударды. «Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық көрегендігі мен жасампаз дана қызметінің арқасында Қазақстан тәуелсіздіктің қысқа мерзімі ішінде бұрынғы кеңестік республикадан экономикалық қуатты, демократиялық дамыған, әлем елдері арасында беделді мемлекетке айналды. Осынау таңғаларлық жетістіктердің барлығында да Елбасының үнемі сенім артатын жасампаз қуатқа ие әрбір қазақстандықтың, бүкіл халықтың ерен еңбегі жатыр. Елдің және оның азаматтарының тағдырының тұтастығы Қазақстанның үдемелі дамуының негізі әрі болашақта да солай болады», - деген сенімде болды сөз алғандар.
Сондай-ақ облыстық форум Ақтөбе қаласында да өтті.
Іс-шаралар аясында жиналғандар бірауыздан «АТОМ» Жобасының петициясына қол қойды.
Еске сала кетсек, бірінші республикалық «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» форумы 2012 жылдың шілдесінде, Елорда күні қарсаңында Астанада өткізілген болатын. Іс-шараның бастамашысы және ұйымдастырушысы көпфункциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесі болды. Форум қоғамда кеңінен қозғалыс туғызып, оны ендігі кезекте жыл сайын елдің барлық аймақтарында өткізу туралы шешім қабылданды.
Аймақтық форум екі кезеңде өткізіледі: біріншісі - аудандық деңгейде; екіншісі - облыстық, Астана және Алматы қалалары деңгейінде. Елорда күні қарсаңында Астанада өткізілетін «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» екінші республикалық форумына қатысуға лайықты дегендері жолдама алады.