Тараз көктемгі су тасқындарына дайындалуда

«Биылғы суық әрі қарлы болған қыс, су тасқыны жағдайын өршітуі мүмкін. Сондықтан су қоймаларын тексеру, Талас және Шу өзендерінің арналарын бекіту жұмыстары бүгіннен бастап жүргізілуде», - деп атап өтті ТЖД баспасөз қызметінің басшысы Руслан Иманқұлов.
Жамбыл гидрометеорологиялық орталығының бірнеше жыл бойы жүргізген бақылауы бойынша, облыс аумағында су тасқыны кезеңі наурыз айының бірінші онкүндігінен басталып, маусымның ортасына дейін жалғасуы мүмкін, деп түсіндірді баспасөз қызметінен.
Ведомстводан мәлім еткендей, қазіргі уақытта облыста су тасқыны жағдайы қалыпты нормада.
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен биылғы қаңтар айында барлық су қоймаларының гидротехникалық құрылыстары қосымша тексерілді. Су тасқынына қарсы облыстық штаб құрылды.
Сонымен қатар су нысандарын паспорттау жүріп жатыр. 2012 жылдың қаңтар айындағы мәліметтер бойынша, облыс аумағында 113 су қоймасы тіркелді, олардың 5-еуі - республикалық, 95-і - коммуналдық және 13-і жекеменшік иелікте», - деді Р. Иманқұлов.
Қорғау гидротехникалық құрылыстарының беріктігін қамтамасыз ету, су тасқынына қарсы өзендердің арналарын бекіту және түбін тереңдету жұмыстарына республикалық бюджеттен 2012 жылға 465,3 млн теңге бөлінді.
«Төтенше жағдайларға облыстық бюджеттен 60 млн. теңге және шұғыл шығыстарға 80 млн. теңге сомасында резервтер қарастырылған», - деді Р. Иманқұлов.