Таразда кек қайтару мақсатымен полицейді өлтірген қылмыскер 27 жылға сотталды

Бұл туралы аталған соттың баспасөз қызметінен хабарлады.
«Оған ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлігі «б,ж» тармақшасы, 251-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылды».
Жамбыл облысы Қордай ауданының тумасы, төрт рет сотты болған М. Тоқмолдаев ауыр, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін түрмеде жазасын өтеген. Оның қылмыстық әрекетін әшкерелеуде Қордай АІІБ басшысының орынбасары болып жұмыс істеген Қордай АІІБ қызметкері Б. белсенді рөл атқарған.
Ол түрмеде жатқанына полицей Б-ны кінәлі санап, оны өлтіруді жоспарлаған. 2009 жылы арам пиғылын жүзеге асыру үшін ол жазасын өтеу орнынан қашып шығады. Сөйтіп аудан аумағында қылмыстық топ құрып, патрондар мен тапанша сатып алады.
2009 жылы қарашада қарумен жарақталған қылмыскер полицей Б-ның ізіне түсіп, аңдиды. Шаруашылық қожалығына кіреберісте оны 4 рет атқан, полицей қаза тапты, ал қылмыскер оқиға орнынан бой тасалаған.
Сот үкімімен М. Тоқмолдаев ҚР 96-бабы 2-бөлігі «б,ж» тармақшасы, 251-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деп айыпталды. Оған ерекше режімдегі түзеу мекемесінде жазасын өтей отырып, 27 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, деп нақтылады соттың баспасөз қызметінен.