Таразда көліктің багажынан 4 қап кептірілмеген марихуана табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Есірткі заттарының жалпы салмағы 24 келіден асады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің және Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз тасымалдаған күдіктілер тобын құрықтады.
Жедел ақпарат бойынша Тараз қаласына кірген Audi-80 көлігі тоқтатылды, көлікте төрт жергілікті тұрғын болған. Құқық қорғау қызметкерлері көліктің багажынан 4 қап кептірілмеген марихуана тапты. Алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 24 келіден астам. Алдын ала алынған мәліметтерге сүйенсек, марихуана Тұрар Рысқұлов ауданының құмды аймағында дайындалған.
— Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта көліктегі екі жолаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілерге қатысты қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Күдіктілерді ұстау іс-шарасына Жамбыл облысы прокуратурасы қатысқан, — делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымын анықтау және тоқтату бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Бұдан бұрын Жамбыл облысында нашақорға үкім шығарылғанын жазғанбыз.