Таразда Жамбыл облысы кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтуде
Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, кезінде білікті кадрлар әлеуеті жоғары болған өңірде бүгінде таңда уәкілетті мемлекеттік органдардың инвестициялық стратегиясы лайықты деңгейде дамымай отыр.
«Облыста тек отандық қана емес, шетелдік қаржы институттарынан да инвестициялар тарту керек. Осыған орай Таразда аймақ кәсіпкерлерімен бизнес-форум өткізіліп отыр», деп атап көрсетті әкім өз сөзінде.
Жамбыл облысының әкімдігі ұйымдастырып отырған форумға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының делегациясы шақырылып отыр. «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері жиынға қатысушыларды кәсіпкерлік саласын қолдау бойынша аталмыш қор ұсынып отырған арнайы құралдармен таныстырады. Сондай-ақ олар кәсіпкерлікті қолдау құралдарының ерекшеліктерін түсіндіреді. Бұған қоса қор тобындағы жабдықтаушылар реестріне қосылу туралы көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап бермек. Сонымен қатар басқосуда даму институттары мен кәсіпкерлер арасындағы қалыптасқан мәселелер талқыланып, мүмкіндігінше оларды шешу жолдарын қарастыру жоспарланып отыр.